Зайфун Алтынбекқызы Ерназарова Қызылорда қаласында (Қазақстан Республикасы) туған. 1987 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын, 1989 жылы "Центросоюз"-дың Мәскеу кооператив институтын бітірген. Білімі бойынша мамандығы — «экономист». Экономика ғылымдарының кандидаты, Алматы гуманитарлық-экономика университетінің қауымдастырылған профессоры.
Еңбек жолын 1987 жылы оқу орындарында экономикалық пәндер оқытушысы болып бастаған. Экономикалық пәндер бойынша кітаптардың және шетелдік басылымдардағы ғылыми жарияланымдардың авторы.
1996 жылдан — Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі жүйесінде мемлекеттік қызметте. Еңбек қызметі ішінде жетекші қазынашы, Алматы қалалық қазынашылық басқармасының қаржыландыру бөлімі бастығының орынбасары лауазымынан Әдіснама, есептілік және статистика басқармасының бастығына, Есептілік және статистика департаменті директорының орынбасарына және бірнеше департаменттің директорына дейінгі мансаптық жолдан өтті. 2022 – 2024 жылдары атқарған соңғы лауазымы – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік қаржы есептілігі және статистикасы департаментінің директоры.
Мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталған.
2025 жылғы 15 қаңтардан бастап Еуразиялық экономикалық комиссияның Статистика департаменті директорының орынбасары болып тағайындалды.