1 шілдеде J-1 Kazakhstan халықаралық зергерлік көрме-конгресі шеңберінде «Астана» халықаралық қаржы орталығы базасында Еуразиялық зергерлік сарапшылық бюро ашылуының салтанатты рәсімі болып өтті. Бюро құрудың мақсаты ЕАЭО зергерлік саласын жаһандық нарықта жайғастыру, Одақ елдерінің зергерлік өнімдерін ілгерілету, үшінші елдердің нарықтарына экспорттың тиімділігін арттыру болып табылады.
Бюро алдына Еуразиялық бұйымдардың жоғары сапасын қамтамасыз ету, перспективалы нарықтарды іздестіру, Еуразиялық экспорттаушыларға шетелде көрме-жәрмеңкелік қызметті ұйымдастыруға жәрдемдесу жөніндегі міндеттер қойылды. Мұндай тәсілдеме шетелдік тұтынушыларды қызықтыруға және ұлттық брендтерді қолдауға мүмкіндік береді.
ЕЭК Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі министрі Артак Камалян іс-шараға қатысушыларға арнаған құттықтау сөзінде ЕАЭО елдерінің мемлекеттік органдарының және зергерлік қауымдастықтарының өкілдеріне зергерлік бұйымдар экспортын бірлесіп ілгерілету тұжырымдамасының тәсілдемелерін айқындау және келісу жөнінде атқарған жұмыстары үшін ризашылығын білдірді.
«Біз болашақта да Одақ елдерінің компаниялары жүзеге асыратын осы тектес жобаларды қолдау ниетіндеміз. Бұл Еуразиялық зергерлік саланың құзыретін арттыруға, өндірісшілеріміздің мүмкіндіктерін кеңейтуге, отандық және шетелдік тұтынушылардың қажеттілігін қанағаттандыруға әкеледі»,- деп мәлімдеді ЕЭК Өнеркәсіптік саясат департаментінің директоры Николай Кушнарев.
Департамент директорының сөзінше, ЕЭК Кеңесі таяудағы уақытта бюроның бұдан арғы жұмыс жоспарын, сондай-ақ экспорттаушыларды қолдаудың мүмкін болатын шараларын талқылайды.
Анықтама:
J-1 Kazakhstan — Еуразиялық экономикалық одақ кеңістігіндегі тұңғыш Еуразиялық зергерлік көрме-конгресі. Ол зергерлік бұйымдардың жетекші өндірушілерін, бағалы металдар мен асыл тастарды жеткізушілерді, сондай-ақ әр елдердегі сала сарапшыларын біріктіреді.