Жаңалықтар

03 May 2024 ЕЭК ішкі нарықтары қызметі департаментінің директоры болып Самат Құлмамбетов тағайындалды Самат Құлмамбетов 1978 жылы Бішкекте дүниеге келген. Қырғыз мемлекеттік құрылыс, көлік және сәулет университетін (мамандығы – «Әлемдік экономика») бітірген. Еңбек жолын 2001 жылы Қырғыз Республикасы Қаржы министрлігі жанындағы Экономикалық және әлеуметтік реформалар орталығының макроэкономика бөлімінде бастап, I санатты маман және жетекші маман лауазымдарында жұмыс істеді. 2004 жылдың маусым айынан 2006 жылдың ақпан айына дейін Қырғыз Республикасы Экономикалық даму, өнеркәсіп және сауда министрлігінің кедендік-тарифтік саясат бөлімінің жетекші, содан кейін бас маманы болып жұмыс істеді. 2006-2007 жылдары Қырғыз Республикасы Өнеркәсіп, сауда және туризм министрлігінің кедендік-тарифтік және тарифтік емес реттеу бөлімінің бас маманы, меңгерушісі болып жұмыс атқарды. 2007 жылғы сәуірден 2018 жылғы қаңтарға дейін Қырғыз Республикасының Экономикалық даму және сауда министрлігінде кеден саясаты және тарифтік емес реттеу бөлімінің меңгерушісі, кеден-тарифтік саясат басқармасының бастығы болды. 2018 жылғы қаңтар айынан 2021 жылғы мамыр айына дейін Қырғыз Республикасы Үкіметі Аппаратының Еуразиялық экономикалық одақ істері жөніндегі бөлім меңгерушісінің орынбасары, халықаралық ынтымақтастық және интеграция бөлімі меңгерушісінің орынбасары, Қырғыз Республикасы Үкіметі Аппаратының Еуразиялық экономикалық одақтағы істер жөніндегі Қырғыз Республикасы Үкіметінің арнайы өкілі хатшылығы бөлімі меңгерушісінің орынбасары – басшысы болып жұмыс атқарды. 2021 жылғы мамырдан бастап 2023 жылғы наурызға дейін-Қырғыз Республикасы Президенті Әкімшілігінің Президент және Министрлер кабинеті шешімдерін дайындау басқармасының Еуразиялық экономикалық одақ істері жөніндегі бөлімі меңгерушісінің орынбасары болды. 2023 жылғы наурыздан 2024 жылғы сәуірге дейін Қырғыз Республикасы Президенті Әкімшілігінің сыртқы саясат бөлімінің Еуразиялық экономикалық одақ істері жөніндегі сектор меңгерушісі. 2024 жылғы 2 мамырда ЕЭК ішкі нарықтары қызметі департаментінің директоры лауазымына тағайындалды. Марапаттары ҚР Экономика және монополияға қарсы саясат министрлігінің «Экономика үздігі» төсбелгісі. «ҚР мемлекеттік қызмет үздігі» төсбелгісі. «Еуразиялық экономикалық одақтың дамуына қосқан үлесі үшін» медалі. ҚР Экономика және коммерция министрлігінің III дәрежелі «Еңбегі үшін» төсбелгісі. «Еуразиялық экономикалық одақтың дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісі.
25 Apr 2024 ЕЭК-те ЕАЭО елдері мен Кубаның ақпараттық технологиялар саласындағы ынтымақтастығы талқыланды Еуразиялық экономикалық комиссияның Ақпараттық технологиялар департаментінің директоры Александр Алексанян мен Кубаның Ариадна Пласенсия Кастро басқарған ақпараттандыру және коммуникациялар жөніндегі бизнес тобының кездесуінде ақпараттық технологиялар мен телекоммуникациялар саласындағы өзара іс-қимыл, бірлескен іс-шараларды іске асыру және ынтымақтастық перспективалары қаралды.  Александр Алексанян Комиссияның Еуразиялық экономикалық одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесін (ИАЖ) құру, Одақтың уәкілетті органдары арасында мемлекетаралық деректер және электрондық құжаттар алмасу кезінде трансшекаралық сенім кеңістігін дамыту, сондай-ақ ЕАЭО елдерінің бір-бірінің электрондық цифрлық қолтаңбасын тануы жөніндегі ауқымды жұмысы туралы айтып берді. Салалық департаменттің басшысы ЕАЭО мемлекеттерінің үшінші елдермен цифрландыру саласындағы ынтымақтастығының ойдағыдай мысалы ретінде ЕАЭО-ның Вьетнаммен өзара іс-қимылын атады. "ИАЖ-ды пайдалана отырып, ақпарат алмасу бойынша ЕАЭО мен Вьетнам арасындағы ақпараттық өзара іс-қимылды іске асырудың ойдағыдай тәжірибесін атап өтпеуге болмайды. Осы тәжірибе Кубамен электрондық ақпарат алмасу кезінде қолданылуы мүмкін, бұл ынтымақтастықтың әлеуеті зор", – деп атап өтті Александр Алексанян. Куба тарапы ел экономикасының цифрлық трансформациясы, телекоммуникациялық инфрақұрылымды, ақпараттық технологияларды дамыту және желілік қосылыстардың сапасын арттыру жөніндегі жұмыс туралы хабардар етті. Бизнес топтың өкілдері өздерінің ақпараттық технологияларын ЕАЭО мемлекеттерінде ілгерілетуге мүдделілік білдірді. Александр Алексанян кубалық әріптестерін АКТ саласында тәжірибе бөлісіп, цифрлық әзірлемелер саласындағы озық практикамен алмасу үшін Минскіде өтетін "ТИБО-2024" ақпараттық-коммуникациялық технологиялар жөніндегі халықаралық форумға қатысуға шақырды.  Тараптар белсенді өзара іс-қимылды жалғастыру, жыл сайынғы FIHAV Гавана халықаралық жәрмеңкесі шеңберінде ұлттық ғылыми-технологиялық парктердің қызметімен танысу үшін ЕЭК делегациясы мен ЕАЭО елдерінің бизнес топтарының Кубаға сапарын пысықтау жайында уағдаласты. Куба Республикасы ЕАЭО жанындағы байқаушы мемлекет болып табылады. Өзара тиімді диалогты дамыту үшін ЕАЭО-ның Кубамен ынтымақтастығының елеулі негізі қаланды, атап айтқанда, Комиссия мен Куба Республикасының Үкіметі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға және Бірлескен іс-шаралар жоспарына қол қойылды. ЕАЭО-дан Кубаға өңдеуші өндіріс өнімінің экспорты 2023 жылы 2022 жылмен салыстырғанда 3% артты, өткен жылы кубалық тауарлардың ЕАЭО-ға импорты екі есе өсті.
20 Feb 2024 Қазақстанда ЕАЭО мемлекеттерінің азаматтарынан туристік жарна алу туралы талап жойылды Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы 20 ақпандағы отырыста Қазақстан Республикасында туристік алым алу жөніндегі талапқа қатысты тосқауыл белгілері бар кедергіні жою туралы мәселені қарады. 2023 жылғы 1 тамыздан бастап Қазақстан Республикасында шетелдіктерден, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінің азаматтарынан туристік алым алу бойынша талаптар белгіленді. Комиссия Еуразиялық экономикалық одақтың ішкі нарығындағы кедергілерді саралау әдіснамасына сәйкес мәселені қарау аясында осы талаптарда тосқауыл белгілері бар кедергілердің бар екені туралы қорытындыға келді. Қазақстан Республикасы уәкілетті органдарының жедел жұмысының арқасында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің бұйрығына өзгертулер енгізілді, оған сәйкес ЕАЭО мемлекеттерінің азаматтарынан туристік жарна алынбайды. «Біз Одаққа мүше мемлекеттердің осындай шешімдерін ғана құптай аламыз, өйткені олар ЕАЭО ішкі нарықтарының одан әрі дамуы мен жұмыс істеуіне ықпал етеді. Бұл мысал біздің жұмысымызда белсенді қолданылатын медиативтік рәсімдердің тиімділігін растау болып табылады», – деп түсіндірді ЕЭК Ішкі нарықтар, ақпараттандыру, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар министрі Варос Симонян.
02 Feb 2024 Еуразиялық экономикалық одақ ақпараттық жүйелерді шоғырландыруда айтарлықтай ілгеріледі 2 ақпанда Алматыда өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысында Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің үкімет басшылары Еуразиялық экономикалық одақтың Интеграцияланған ақпараттық жүйесін дамыту барысы мен перспективалары туралы баяндаманы мақұлдады. Бүгінгі таңда жалпы 27 процесс сәтті қолданысқа енгізілді, 2024 жылдың 1 наурызына қарай тағы 16 процесті дайындауды орындау жоспарларымен 24 жалпы процесті іске асыру үшін Еуразиялық экономикалық комиссия сегментінде техникалық дайындық қамтамасыз етілді. ЕАЭО елдері мен Комиссия нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізу мақсатында жалпы процестерді қолданысқа енгізу бойынша жұмысты жалғастыратын болады. Деректер алмасудың тұтастығы мен қауіпсіздігін сақтауда маңызды қадам жасалды, бұл жақын арада желіні қауіпсіз желіге ауыстыруға мүмкіндік береді.
25 Dec 2023 ЕАЭО-да ішкі нарықтағы 25 кедергі жойылды 25 желтоқсанда Санкт-Петербургте өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінің басшылары ЕАЭО-ның 2022-2023 жылдардағы ішкі нарығындағы кедергілерді жою және алып қою мен шектеулерді қысқарту жөніндегі жағдайды талқылады. Мәселен, 2022 жылдан бастап ЕАЭО ішкі нарығында 15 тосқауыл, тосқауыл белгілері бар 10 кедергі, 3 шектеу және 2 алып қою жойылды. Медиативтік процедураларды қолдануда оң тәжірибенің болу нәтижесінде 2022 жылы кедергілерді жоюдың орташа мерзімі айтарлықтай қысқарды және 8,2 айды, ал тосқауыл белгілері бар кедергілер 4,7 айды құрады, алайда 2021 жылы мерзімдер сәйкесінше 48 және 11 айды құраған еді. Жұмысты күшейтуге ЕАЭО ішкі нарығындағы кедергілерді саралау әдіснамасының жаңартылған редакциясына енгізілген және кедергілер мен шектеулерді жойылды деп тану тәсілдері ықпал етті. Жаңартпалар, атап айтқанда, кедергілерді қараудың оңтайландырылған мерзімдері мен жетілдірілген тетігін, оларды жойылды деп танудың пысықталған тәртібін, сондай-ақ Одақтың ішкі нарығында кедергі белгілерінің болуына байланысты жағдайларды реттеу жөніндегі медиация рәсімін көздейді. Шектеулер тізілімінде 34 шектеу бар. Комиссияның алдын ала есептеулері бойынша 18 шектеуді (жалпы санның 53%) 2025 жылға дейін жою жоспарлануда. Бұдан басқа, алып қоюды жүйелеу бойынша жұмыстар белсендірілді. 2028 жылға дейін Алып қоюды жою жөніндегі комиссияның жұмысы СФС-шаралар, техникалық реттеу, қаржы нарығы, қызметтердің бірыңғай нарығын қалыптастыру, еңбек көші-қоны, кедендік-тарифтік реттеу, агроөнеркәсіптік саясат салаларына бағытталатын болады. Комиссия жүргізілген талдау негізінде мүше мемлекеттердің жекелеген рейтингтерін қалыптастыру әдістемесін дайындады. Одақ елдерінде анықталған және жойылған тосқауылдар мен тосқауыл белгілері бар кедергілер (ТБК) туралы деректердің көмегімен ЕАЭО аясында төрт еркіндікті іске асыруда мүше мемлекеттердің тиімділік дәрежесін көрсететін жекелеген рейтингтер алынды. Мүше мемлекеттердің анықталған тосқауылдар мен ТБК саны бойынша рейтингі (2016 – 2023 жылдар кезеңінде) Анықтама ЕАЭО ішкі нарығындағы кедергілерді саралау және кедергілер мен шектеулерді жойылды деп тану әдістемесін ЕЭК Алқасы 2023 жылғы 28 наурызда бекітті. Кедергілер деп Одақтың ішкі нарығының қызметі аясында тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің, капиталдың, жұмыс күшінің еркін қозғалысы және олардың мүше мемлекеттердің қолданыстағы немесе қабылданған, бірақ күшіне енбеген заңнама нормаларының немесе мүше мемлекеттерде қалыптасқан құқық қолдану практикасының Одақ құқығына сәйкес келмеуі салдарынан туындаған мүше мемлекеттердің нарықтарына қол жеткізуі бойынша кедергілер түсініледі. Шектеулер деп Одақтың ішкі нарығының қызметі аясында тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің, капиталдың, жұмыс күшінің еркін қозғалысы және олардың Одақ құқығында дамуы көзделген экономикалық қатынастарды құқықтық реттеудің болмауы салдарынан туындаған мүше мемлекеттердің нарықтарына қол жеткізуі бойынша кедергілер түсініледі. Алып қоюлар деп Одақтың ішкі нарығының қызметінің жалпы қағидаларын мүше мемлекеттің қолданбауы бөлігінде Одақ құқығында көзделген алып тастау (шегіну) түсініледі. ЕАЭО ішкі нарығындағы кедергі туралы мәлімдеуге және осы саладағы ЕЭК жұмысы туралы толық ақпаратты Ішкі нарықтың қызметі порталынан білуге болады. ЕЭК ішкі нарығының қызметі департаментінің кедергілер және оларды жою жөніндегі жұмыс туралы бейнеколлекциясы.
29 Nov 2023 ЕАЭО-да GMP сертификаттарын өзара тану туралы шешім қабылданды Еуразиялық экономикалық комиссияның жүргізген мониторингі барысында ЕАЭО мемлекеттерінен әкелінетін және өткізілетін ветеринариялық дәрілік препараттар үшін ресейдің уәкілетті органы беретін GMP сертификатын алу бойынша талаптың Еуразиялық экономикалық одақ құқығына сәйкестігі туралы мәселе қаралды. Комиссия мен мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарының бірлескен жұмысының арқасында Комиссия Кеңесі ұлттық заңнамаға сәйкес берілген ветеринариялық дәрілік заттар өндірісінің сәйкестігін растайтын құжаттарды өзара тануды көздейтін шешім қабылдады. Шешім биылғы жылы 20 қазанда күшіне енді.   Мониторинг қорытындылары мен жүргізілген жұмыстың нәтижелерін қарап, Комиссия Алқасына тосқауыл белгілері бар кедергіні жою туралы хабарланды. «Комиссия Кеңесі қабылдаған шешім Ресей аумағында ветеринариялық препараттарды әкелуді және өткізуді едәуір жеңілдетеді, осылайша біздің Одақтың бірыңғай аумағында олардың еркін қозғалысын қамтамасыз етеді деп сенеміз», – деп атап өтті ЕЭК Ішкі нарықтар, ақпараттандыру, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар министрі Варос Симонян. 
31 Oct 2023 ЕЭК Ақпараттық технологиялар департаменті ЕАЭО интеграцияланған жүйесінің деректерді берудің қорғалған желісін құру аясында оқыту семинарын өткізді Еуразиялық экономикалық комиссияның Ақпараттық технологиялар департаменті 26-27 қазанда ЕАЭО интеграцияланған ақпараттық жүйесінің деректерді берудің қорғалған желісінің қызметі бойынша оқыту семинарын ойдағыдай өткізді. Семинарға Арменияның, Беларусьтің, Қазақстанның, Қырғызстанның және Ресейдің уәкілетті органдарының өкілдері қатысты. Іс-шара аясында деректерді берудің қорғалған желісінің қызметін қамтамасыз етудің практикалық аспектілері қарастырылды. Семинар ЕЭК Кеңесінің 2022 жылғы 18 ақпандағы № 7 «Еуразиялық экономикалық одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесінің деректерді берудің қорғалған желісін құру туралы» өкімін орындау мақсатында өткізілді. Комиссия Одақ елдерімен бірлесіп қазір бұл жұмысты аяқтауда. «Барлық қатысушыларды ЕАЭО-ның интеграцияланған ақпараттық жүйесінің деректерді берудің қорғалған желісіне қосу Одақ мемлекеттері мен Еуразиялық экономикалық комиссия арасындағы трансшекаралық өзара іс-қимыл аясында ақпараттық алмасу қауіпсіздігінің келісілген деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деп атап өтті ЕЭК Ақпараттық технологиялар департаментінің директоры Александр Алексанян. Комиссия мүше мемлекеттердің ұлттық сегменттерін деректерді берудің қорғалған желісіне қосу мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін қажетті ұйымдастыру-техникалық іс-шаралар өткізді.  Атап айтқанда деректерді берудің қорғалған желісін басқару орталығы құрылды. Мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарымен бірлесіп ЕАЭО интеграцияланған жүйесінің ұлттық сегменттерінің тұрақты қосылуын ұйымдастыру үшін қажетті мөлшерде криптошлюздерді монтаждау және баптау жүргізілді. Армения, Беларусь, Қырғызстан және Қазақстанның ұлттық сегменттерін деректерді берудің қорғалған желісіне қосу жүзеге асырылды. Жақын арада Ресейдің ұлттық сегментін қосқаннан кейін ИАЖ-ны қорғалған арналарға көшіру, сондай-ақ Одақ аумағында тауарларды қадағалау бойынша пилоттық жобаны іске асыруды қамтамасыз ету жоспарлануда.
27 Sep 2023 ЕЭК Кеңесі ЕАЭО-ның интеграцияланған ақпараттық жүйесінің 2024 жылға арналған даму жоспарын бекітті Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі Еуразиялық экономикалық одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесінің (ЕАЭО ИАЖ) 2024 жылға арналған даму жоспарын бекітті. Бұдан басқа, бұл бағытты қаржыландыруды айтарлықтай арттыру туралы шешім қабылданды.  ЕАЭО ИАЖ Одақтың тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету жолындағы түйінді құрал болып табылады. Жүйе мүше мемлекеттер арасында ақпарат алмасу процестерін автоматтандыруға және оңайлатуға мүмкіндік береді, бұл неғұрлым тығыз экономикалық ынтымақтастық пен интеграцияға ықпал етеді. ЕАЭО ИАЖ-ды дамытудың бекітілген жоспары бірқатар: -жүйенің технологиялық базасын жақсарту және жаңғырту; -жаңа функционалдық мүмкіндіктерді дамыту және ендіру; -электрондық цифрлық қолтаңбаны қолдана отырып заң жағынан маңызды мемлекетаралық өзара іс-қимылды іске қосу; -цифрлық платформалар мен сервистер интеграциясының кіші жүйесін құру арқылы цифрлық платформаға ауысу; -жүйенің қауіпсіздігі мен сенімділігі деңгейін арттыру; -бизнес пен мемлекеттік органдар үшін жаңа сервистерді қорғауды қоса, ЕАЭО ИАЖ қолдану саласын кеңейту сияқты түйінді бағытты көздейді. ЕАЭО ИАЖ-ны дамытуға салымдар оны жаңғыртуды жеделдетуге және функционалын кеңейтуге мүмкіндік береді, бұл сайып келгенде бүкіл Одақ жұмысының сапасы мен тиімділігін жақсартуға әкеледі. ЕАЭО ИАЖ-ны қаржыландыруды ұлғайту және даму жоспарын бекіту қатысушы елдердің интеграция мен ынтымақтастықты тереңдетуге деген ұмтылысын растайды. Жоспар шеңберінде жүйенің функционалы мен өнімділігін айтарлықтай жақсарту күтілуде, бұл ЕАЭО мемлекеттері үшін қосымша артықшылықты қамтамасыз етеді. ИАЖ-ды дамыту жоспары шеңберінде жұмыстарды іске асыру Одақ елдерінің мемлекеттері мен үкіметтерінің басшылары қабылдаған стратегиялық құжаттарға сәйкес жүргізіледі.
Тағы да көрсету