Жаңалықтар

29.10.2021

ЕЭК пен Өзбекстан жаңа жол картасының жобасын талқылайды

28 қазанда Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы Михаил Мясниковичтің Өзбекстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары - Инвестициялар және сыртқы сауда министрі Сардор Умурзаков басқарған Өзбекстан делегациясымен кездесуі болып өтті. Алқа Төрағасы Өзбекстанның Еуразиялық интеграцияға байсалды бетбұрыс көрсетіп отырғанын айтып өтіп, Комиссияның осы бағытта мүмкін болатын жан-жақты жәрдемді ұсына алатынын атап көрсетті.

«Біздің кездесулеріміз тұрақты сипат алып отыр, бізде жабық тақырып жоқ, біз бұдан арғы ынтымақтастықтың нақты қадамдарын ашық талқылаймыз, бұл ретте қатынастарымыздың өзара пайдалылығын жоғары қоямыз және осы бағытта қазірдің өзінде көп нәрсе істелгенін атап өтуге тиіспін»,- деп хабарлады Михаил Мясникович.

Алқа Төрағасы Өзбекстанның ЕАЭО-ға мүше емес ТМД елдері арасынан Еуразиялық экономикалық одақтың бірінші сауда әріптесі болып табылатынын атап көрсетті.

«2015 жылы ЕАЭО құрылған сәттен бастап Өзбекстанмен тауар айналымы екі есе өсті, сауда балансы теңелуде, сол себепті перспектива өте жақсы болады деп ойлаймын»,- деп мәлімдеді Михаил Мясникович.

ЕЭК Алқасының Төрағасы 2021 жылғы 14 қазанда Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес барысында Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев ұсынған бастамаларға назар аударды және Комиссия өз қызметінде бұларды да басшылыққа алады деп сендірді.

«Біз Өзбекстанмен тығыз, көп қырлы, өзара пайдалы ынтымақтастыққа өте маңызды мән береміз және бүгінгі кездесу осынау маңызды іске өз үлесін қосады деп үміттенеміз»,- деп түйіндеді Михаил Мясникович.

Өз тарапынан Сардор Умурзаков ағымдағы жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша өзара тауар айналымы 30% артқанын және ол бүгінгі күнге республиканың сыртқы тауар айналымының үштен бірінен астамын құрап отырғанын атап өтті.

«Бұл әсерлі нәтиже. Біз шынында да өте нақты, тиімді өзара іс-қимылды жолға қоя алдық және бүгін тұтастай бірқатар, соның ішінде Өзбекстан Президентінің бастамалары шеңберінде ұсынылған мәселелерді талқылауға дайынбыз. Атап айтқанда, біз қазіргі бар тосқауылдарды жою, техникалық регламенттерді, стандарттарды үндестіру, өзара саудадағы кедендік рәсімдерді цифрландыру жөнінде жол картасының жобасын әзірледік және оны бірлесіп талқылау үшін Комиссияға беруге дайынбыз»,- деп хабарлады Сардор Умурзаков.

Вице-премьердің пікірінше, картаны қабылдау сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыру жөніндегі нақты шараларды қабылдауды ғана емес, сонымен бірге Өзбекстанның бейінді министрліктері мен ведомстволарының ЕЭК бөлімшелерімен саудадағы, өнеркәсіптегі, кедендік және салық әкімшілігін жүргізудегі, техникалық реттеудегі және басқа салалардағы бағыттардың кең спектрі бойынша тығыз өзара іс-қимылын ұйымдастыруға да мүмкіндік береді.

«Мен ЕЭК-тің бейінді департаменттері бұл жобаны жаңа шаралармен, бағыттармен толықтырып, пысықтауға белсене қатысады және таяудағы уақытта біз бұл құжатты қатынастарымызды одан әрі кеңейту және қарқынды ету мақсатында келісе аламыз деп өте үміттенемін»,- деп түйіндеді Сардор Умурзаков.

Анықтама:
Өзбекстан Молдовамен және Кубамен бірге Еуразиялық экономикалық одақ жанындағы байқаушы мемлекет мәртебесіне ие.

2020 жылдың қорытындысы бойынша ЕАЭО елдерінің Өзбекстанмен тауар айналымы 2019 жылғы деңгеймен салыстырғанда 4,1% артып, 9,4 млрд. АҚШ долл. жуық құрады. Сауданың оң серпіні 2021 жылы сақталуда. 2021 жылғы қаңтар-тамыздағы деректер бойынша тауар айналымы 6,8 млрд долл. (соның ішінде экспорт – 4 848,3 млн долл., ал импорт – 1 909,8 млн долл.) жетіп, өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 17,5% өсті.

2021 жылғы 30 сәуірде ЕЭК пен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға, сондай-ақ Комиссия мен Өзбекстан Республикасы Үкіметінің 2021-2023 жылдарға арналған бірлескен іс-шаралар жоспарына қол қойылды.

ЕЭК пен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасында өзара іс-қимыл жөніндегі бірлескен жұмыс тобы құрылды. Оның бірінші отырысы ЕЭК Интеграция және макроэкономика жөніндегі министрі Сергей Глазьевтің төрағалық етуімен 2021 жылғы 11 қазанда болып өтті.