Еуразиялық экономикалық комиссияның Өнеркәсіптік саясат департаменті директорының орынбасары Георгий Арзуманян Екатеринбургте «Иннопром» халықаралық көрмесінде оралдық металлургия, машина жасау, станок жасау және басқа кәсіпорындарының өкілдерін өнеркәсіптік кооперацияны қаржыландыру механизмімен таныстырды.
ЕЭК өкілі оны іске асыру кезеңдері, жобаларды іріктеудің негізгі критерийлері және қаржы ұйымдары мен қарыз алушыларға қойылатын талаптар туралы айтып берді.
"Механизм Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде жақында – осы жылғы маусымда іске қосылды және жобаның әлеуетті қатысушыларында әлі де көптеген мәселе бар. Біз жаңа құралды бизнеске барынша түсінікті ету үшін түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. Бұл тұрғыда "Иннопром" алаңы бізге көп көмектесті, қызу диалог форматы кәсіпорындардан тез кері байланыс алуға мүмкіндік береді," – деп атап өтті Георгий Арзуманян.
Георгий Арзуманян өңір кәсіпорындарын ЕАЭО-ның кооперациялық тізбегіне белсендірек қосылуға шақырды.
Георгий Арзуманян ЕЭК стендінде өңірлік делегациялардың өкілдерімен бірқатар жұмыс кездесуін өткізді, солардың барысында нормативтік-құқықтық реттеу, техникалық стандарттар мәселесі, инвестициялар тартудың және өнеркәсіптік жобаларды іске асырудың жаңа шешімдері талқыланды.
«Иннопром» халықаралық өнеркәсіптік көрмесі Екатеринбургте 2010 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келеді. Іс-шара аясында дәстүрлі түрде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер мен шет елдердің экономиканың нақты секторындағы жетістіктері көрсетіледі.