Жаңалықтар

27.05.2022

27 мамырдағы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысының қорытындылары

Бүгін Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровтың төрағалық етуімен, Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінің басшылары — Армения Республикасының Премьер-министрі Никол Пашинянның, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенконың, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің, Куба Республикасының Президенті Мигель Диас-Канель Бермудестің, Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтың, Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы Михаил Мясниковичтің қатысуымен бейнеконференция режимінде болып өтті.

Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінің басшыларына 2021 жылдың қорытындысы бойынша Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарын орындау барысы туралы, ЕАЭО-ның 2021 жылға арналған халықаралық қызметінің негізгі бағыттарын іске асыру туралы баяндалды.

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес Индонезия Республикасымен еркін сауда туралы келісім жасасу туралы келіссөздерді бастау туралы шешім қабылдады.

ЕАЭО мемлекеттерінің басшылары ЕАЭО мемлекеттерінің 2022-2023 жылдарға арналған макроэкономикалық саясатының негізгі бағдарларын бекітті. 

Жоғары кеңес 29 мамырды Еуразиялық экономикалық одақ күні деп белгіледі. Еске сала өтсек, 2014 жылы осы күні Одақты құру туралы негіз қалаушы құжатқа — ЕАЭО туралы шартқа қол қойылды. ЖЕЭК өкімінде атап өтілгендей, мұндай күнді белгілеу одақтық мемлекеттер арасындағы ынтымақты нығайтады және ынтымақтастықты тереңдете түседі.

Жоғары кеңес 2014 жылғы Еуразиялық экономикалық одақтың рәміздемесі туралы ережеге өзгерістер енгізуді мақұлдады. Атап айтқанда, ЕАЭО жанындағы байқаушы мемлекеттердің туларын, соның ішінде Одақ органдарының бейнеконференция форматындағы отырыстарында пайдалану тәртібі регламенттелді.

Еуразиялық экономикалық комиссияның жұмысын жетілдіру, оның отырыстарының ашықтығын арттыру мақсатында Жоғары кеңес ЕЭК-тің Жұмыс регламентін ережемен толықтырды, соған сәйкес мүше мемлекеттің Комиссиямен өзара іс-қимыл жасауға уәкілетті мемлекеттік билік органы ЕЭК Алқасы отырысының трансляциясына қол жеткізуге құқықты болады. Таратылуы шектеулі ақпаратты қамтитын мәселелерді қарайтын отырыстың бөлігі ғана трансляциялауға жатпайды. Трансляция жүргізу тәртібін Комиссия Алқасының Төрағасы бекітеді.

Жоғары кеңес Темирбек Ишенбаевич Асанбековтың орнына Энергетика және инфрақұрылым министрі қызметіне Қырғыз Республикасынан ЕЭК Алқасының жаңа мүшесі Арзыбек Орозбекович Кожошевты тағайындады.

Жоғары кеңестің келесі отырысы 2022 жылғы желтоқсанда Бішкекте болады.


Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысының қорытындылары бойынша мақұлданған құжаттар

-       «Индонезия Республикасымен еркін сауда туралы келісім жасасу туралы келіссөздерді бастау туралы» шешім,

-       «Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттеудің бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы хаттаманың (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа № 20 қосымша) 20-тармағының 5-тармақшасына сәйкес ақпарат беру туралы» өкім,

-       «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің 2022-2023 жылдарға арналған макроэкономикалық саясатының негізгі бағдарлары туралы» шешім,

-       «Еуразиялық экономикалық одақтың ішкі нарығындағы кедергілерді жою жөнінде 2021 жыл ішіндегі жұмыстың нәтижелері туралы» өкім,

-       «2018 жылғы 17 мамырдағы Бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Иран Ислам Республикасы арасындағы еркін сауда аймағын құруға алып келетін Уақытша келісімге 2022 жылғы 14 наурызда қол қойылған Хаттаманы күшіне енгізу туралы» шешім,

-       «Еуразиялық экономикалық одақ күнін белгілеу туралы» өкім,

-       «Еуразиялық экономикалық одақтың рәміздемесі туралы ережеге өзгерістер енгізу туралы» шешім,

-       «Еуразиялық экономикалық комиссияның Жұмыс регламентіне өзгеріс енгізу туралы» шешім,

-       «2021 жылы Еуразиялық экономикалық одақ органдарында сыртқы аудитті (бақылауды) жүзеге асыру нәтижелері туралы» шешім,

-       «Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы мүшесінің өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату туралы» шешім,

-       «Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы мүшесін тағайындау туралы» шешім,

-       «Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысын өткізу уақыты мен орны туралы» өкім.

ЕЭК Хаттама және ұйымдастырушылық қамтамасыз ету департаментінің Ақпараттық қамтамасыз ету бөлімі