Жаңалықтар

27.03.2024

Қырғызстан ЕАЭО-ға қосылу аясында өткізу пункттерін жаңғыртуды аяқтады

ЕЭК Кедендік ынтымақтастық жөніндегі министрі Эльдар Алишеров Еуразиялық экономикалық комиссияның және ЕАЭО елдерінің уәкілетті органдарының сарапшылар тобымен бірге 26 наурызда Қырғыз Республикасына барған жұмыс сапары барысында Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасындағы жаңартылған «Қызыл-бел» автомобиль өткізу пунктіне (АӨП) барып, оның кедендік инфрақұрылымымен танысты.

Қырғыз Республикасының сыртқы шекарасындағы өткізу пункттерін жаңғырту жөніндегі іс-шаралардың орындалуына бірлескен мониторинг жүргізу аясында сарапшылар ЕАЭО талаптарына сәйкес «Қызыл-бел» АӨП-ті жайластыру және материалдық-техникалық жарақтандыру бойынша жұмыстардың аяқталғанын растады.

Өткізу пунктін заманауи жабдықтармен және кедендік бақылаудың техникалық құралдарының кешенімен жарақтандыру транзиттік әлеуетті дамытуға ықпал етеді және бұл ретте кедендік бақылаудың тиісті деңгейін қамтамасыз етеді.

ЕЭК Министрі сонымен қатар Қырғыз Республикасының Қаржы Министрлігі жанындағы Мемлекеттік кеден қызметі өкілдерімен өткізілген жұмыс кеңесіне қатысты, оның барысында Қырғыз Республикасының ЕАЭО-ға қосылуы аясында алынған өткізу пункттерін жаңғырту жөніндегі міндеттемелерді орындау қорытындылары шығарылды.

«Қырғыз Республикасы Қырғыз Республикасының Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қосылуына байланысты талаптар мен өтпелі ережелер туралы хаттамада көзделген өткізу пункттерін жайластыру және материалдық-техникалық жарақтандыру жөніндегі іс-шараларды толығымен аяқтады», — деп атап өтті Эльдар Алишеров.

Қырғызстанның өткізу пункттерінің кедендік инфрақұрылымын жаңғыртуға жүргізілген мониторингтің қорытындысы бойынша Комиссия баяндама дайындайды, ол ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерге жіберіледі және Одақтың кедендік шекарасындағы бақылаушы органдардың өзара іс-қимылы жөніндегі Консультативтік комитеттің отырысында қарау үшін ұсынылады.