Жаңалықтар

18.10.2023

Михаил Мясникович: "ЕАЭО мен ҚХР-дың технологиялық дамуын ұштастыру үлкен синергетикалық нәтиже беруге қабілетті"

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы Михаил Мясникович 18 қазанда Бейжіңде (ҚХР) "Бір белдеу, бір жол" бастамасы шеңберінде өткен Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі жоғары деңгейлі үшінші форумда осындай ұсыныс айтты.

"ЕАЭО-ның барлық мемлекетінің басшылары Ресей Президенті Владимир Путин мен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Еуразиялық интеграция мен "Бір белдеу, бір жол" бастамасын ұштастыру идеясын қолдады. Бұл біздің елдер көшбасшыларының дана да маңызды шешімі болды. Ол халықаралық экономикалық қатынастардың жаңа парадигмасына көшуді білдірді. Транспаренттілік, тең құқықтық және Еуразия өңірінде интеграциялық механизмдерді өзара толықтыру — аталған идеяның базалық қағидаттары", — деп атап өтті Михаил Мясникович өзінің Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі жоғары деңгейлі үшінші форумда сөйлеген сөзінде.

Осыған байланысты ЕЭК Алқасының басшысы Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенконың экномикалық ынтымақтастықтың, Қытай үшін де, аталған халықаралық құрылымдарға кіретін басқа елдер үшін де өзекті түйінді міндеттерді талқылау жөнінде ЕАЭО, ШЫҰ және БРИКС-тің бірлескен саммитін өткізу жөніндегі ұсынысын еске салып өтті.

Еуразиялық интеграция мен "Бір белдеу, бір жол" бастамасын ұштастыруды іске асыру жөніндегі практикалық жұмыс туралы Форум қатысушыларын хабардар ете келіп, Михаил Мясникович ЕАЭО елдері мен Қытай көшбасшыларының шешімін орындау жолында Сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғанын атап өтті. 2023 жылғы ақпанда өзара іс-қимыл саласының неғұрлым перспективалы бірқатар саласы бойынша жол картасы бекітілді. Осы және басқа да шешімдер бүгінде көлік дәліздерін цифрландыру және жүк теміржол тасымалдары кезінде жолда болу уақытын елеулі түрде қысқартатын құжаттар айырбастаудың электрондық нысанына көшу мәселелерін іс жүзінде шешуге көмектесуде. Климаттық күн тәртібі бойынша орнықты диалог жүргізілуде, өнеркәсіп саласында және электрондық саудада ынтымақтастық қамтамасыз етілуде.

"ЕАЭО мемлекеттерінің және ҚХР үкіметтерінің, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссияның қабылдап жатқан шаралары мен күш-жігері нақты нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік берді. Еуразиялық экономикалық одақ елдері мен Қытай Халық Республикасы арасындағы тауар айналымы 2015-2022 жылдары ЕАЭО жұмыс істеген уақыт ішінде 2,8 есе ұлғайып, іс жүзінде 220 млрд долларға жетті, бұл қарым-қатынас тарихындағы рекордтық деңгей болып табылады", — деп атап көрсетті Михаил Мясникович.

Форум аясында Қытай бағытындағы тиімді жұмыстың тағы бір жарқын мысалы ретінде ЕЭК әзірлеген "Еуразиялық агроэкспресс" жобасы ұсынылды, ол ЕАЭО елдерінің ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түліктерін Қытайға жедел тұрақты тасымалдау үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған. Оны сатудың бірінші жылында ғана Беларусьтен және Ресейдің өңірлерінен ҚХР-ға дейінгі маршрут бойынша ауыл шаруашылығы жүктері бар 18,5 мың контейнер жөнелтілді, бұл Қытаймен саудада тасымалданатын барлық ұқсас тауарлардың 7,5%-дан астамын құрайды.

Еуразиялық экономикалық одақтың қарымды сауда-экономикалық әріптесімен ынтымақтастықты одан әрі тереңдету жөнінде резервтері бар. Комиссия, атап айтқанда, ЕАЭО мен Қытайдың көлік және инфрақұрылымдық даму саласында бірлескен жобаларды іске асыру жөніндегі жұмысын жандандыруды ұсынады. Одақта бұл үшін қажетті база құрылған. ЕАЭО елдері үкіметтерінің басшылары 2022 жылғы тамызда көлік саласындағы жеті басымдықты интеграциялық жобадан тұратын тізбені бекітті, жұмыс көлемі айқындалды. Михаил Мясникович қытайлық әріптестерін бұл қызметке неғұрлым белсенді қатысуға шақырды, соның шеңберінде, мысалы, Беларусь пен ҚХР қазірдің өзінде бірқатар ірі көлік жобасын іске асыруда.

"Біз бірлескен іс-қимылымыз Еуразияның жіксіз көліктік байланыстылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретініне сенімдіміз. Бұл үшін Еуразиялық экономикалық комиссия Еуразиялық экономикалық одақ пен Шанхай ынтымақтастық ұйымының өзара іс-қимылы шеңберінде көлік-логистика мегажобасының тұжырымдамасын әзірлеп, ұсынды", — деп хабарлады ЕЭК Алқасының Төрағасы.

Оның пікірінше, Одақ елдері мен Қытайдың озық білім және технологиялар жеткізушілеріне ортақ міндеттерді шешу жолында бұдан да белсендірек жұмыс істеген орынды болмақ. Михаил Мясникович бұл "Бір белдеу, бір жол" бастамасын іске асыру кезіндегі түйінді тақырыптың бірі бола алады деп пайымдайды.

Анықтама

Бейжіңдегі "Бір белдеу, бір жол" бастамасы шеңберіндегі Халықаралық ынтымақтастық бойынша жоғары деңгейлі үшінші форумға ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин, Ресей Президенті Владимир Путин, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Сербия Президенті Александр Вучич, Индонезия Президенті Джоко Видодо, Вьетнам Президенті Во Ван Тхыонг, Венгрия Премьер-министрі Виктор Орбан, Эфиопия Премьер-министрі Абий Ахмед, Таиланд Премьер-министрі Сеттха Тхависин, Мысыр Премьер-министрі Мұстафа Мадбули, Пәкістан Премьер-министрінің міндетін атқарушы Анвар ул-Хак Какар, БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерриш, сондай-ақ әлемнің 120-дан астам елінен мемлекеттердің, үкіметтердің, салалық министрліктердің басшылары және халықаралық ұйымдардың басшылары қатысты.