Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев Шығыс және Оңтүстік Африка (КОМЕСА) Ортақ нарық бәсекелестігі жөніндегі комиссияның бас атқарушы директоры Уиллард Мвембамен келіссөздер жүргізді.
Келіссөздер барысында тараптар 2019 жылы басталған және әсіресе 2022 жылы Бәсекелестік саясат және құқық қолдану саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қоюмен жанданған ЕЭК пен КОМЕСА Бәсекелестік жөніндегі комиссияның өзара іс-қимылы мәселелері бойынша жан-жақты пікір алмасты.
«Еуразиялық экономикалық комиссияның да, КОМЕСА-ның да ортақ мақсаты бар, ол – экономикалық интеграция арқылы өз өңірлерінің тұрақты дамуына жәрдемдесу. Біз ұзақ уақыт бойы бәсекелестік бойынша тығыз диалогта болдық, халықаралық алаңдарда бір-біріміздің бастамаларымызды қолдаймыз», – деп атап өтті ЕЭК Алқасының басшысы.Атап айтқанда, Бақытжан Сағынтаев ЕЭК-тің бәсекелестік саласындағы өңірлік интеграциялық ұйымдардың өзара іс-қимылы жөніндегі бастамасын еске салды. КОМЕСА-ның бәсекелестік жөніндегі комиссиясы бұл бастаманы қолдады және оны жүзеге асыруға белсенді қатысады.