Жаңалықтар

24.01.2022 (Обновлено: 02.02.2022 17:00)

ЕАЭО-ның үздік тауарларының таныстырылымы Еуразиялық экономикалық форумдардың шеңберінде өткізілетін болады

ЕЭК Кеңесі Еуразиялық экономикалық комиссияның Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен блогының Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінің, соның ішінде ұлттық сапа конкурстарын өткізу қорытындылары бойынша айқындалған үздік тауарларын Еуразиялық экономикалық форумдардың көрмелік бөлігі шеңберінде таныстыру мүмкіндігі үшін құқықтық негіздер орнататын бастамасын қолдады.

«Мұндай көрмелерді өткізу Еуразиялық экономикалық одақ елдері өнімінің сапасын жақсарту мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін қосымша ынталандыру жасауға, өндірушілеріміздің тауарларын Одақ ішінде де, экспортқа да тиімді ілгерілету үшін ақпараттық қолдауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деп атап өтті ЕЭК Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі министрі Артак Камалян.
Артак Камалян атап көрсеткендей, Еуразиялық экономикалық форумдар шеңберінде ЕАЭО-ның үздік тауарларының көрмесін өткізу Одақ мемлекеттерінің ұлттық сапа конкурстарының мәртебесі мен тартымдылығын арттыруға да мүмкіндік береді.

Анықтама

Еуразиялық экономикалық форум — Еуразиялық экономикалық одақтың ЕАЭО органдарында төрағалық етуші Одақ мемлекетінде кезекпен өткізілетін жыл сайынғы іскерлік іс-шарасы.

Форум мақсаттары – ЕАЭО елдерінің экономикалық ынтымақтастығын одан әрі дамыту, соның ішінде шаруашылық жүргізуші субъектілер арасында кооперациялық байланыстарды қалыптастыру және инвестициялық әрі инновациялық әлеуеттерді біріктіруден синергетикалық нәтижеге қол жеткізу, экспорттық әлеуетті дамыту болып табылады.

Форум ЕАЭО елдері мемлекеттік билік органдары мен бизнес-қоғамдастықтарының өзара іс-қимылының тиімділігін арттыруға ықпал етеді, сондай-ақ интеграциялық бірлестіктің орнықты даму перспективаларын бағалау, кәсіпкерлік қызметті жүргізу жағдайларын талқылау және дамудың бұдан арғы бағыттары үшін алаң қызметін атқарады.