Жаңалықтар

30.09.2024

Кеден бүгінде өз өмірін цифрларсыз елестете алмайды

Бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссияның Кедендік ынтымақтастық жөніндегі министрі Руслан Давыдов III Еуразиялық экономикалық форумда кеден органдарының жұмысына цифрлық технологияларды енгізу перспективаларына арналған панельдік пікірталас шеңберінде мәлімдеді.

Кіріспе сөзінде ол үлкен деректерді талдауға және өзге де бақылаушы органдармен ақпарат алмасуға негізделген кеден қызметтерінің жұмысы бүгінде ақпараттық жүйелер мен технологияларсыз мүмкін емес екенін атап өтті.

Осыған байланысты модератор талқылауды кеденшілердің жұмыс істеу практикасына және ЕАЭО елдерінде іске асырылып жатқан және сыртқы сауда жағдайларын неғұрлым ыңғайлы және ашық етуге мүмкіндік беретін жобаларға бағыттады.

ЕАЭО кеден қызметтері басшыларының орынбасарлары өз тәжірибелерімен және нысаналы бағдарларымен бөлісті. Жұмыстың перспективалық бағыттарының ішінде спикерлер «бірыңғай терезе», «тауарларды ақылды шығару», электрондық навигациялық пломбалар, тауарлардың кедендік құнын бақылау мақсатында қызметтер арасында ақпарат алмасу сияқты жобаларды белгіледі.

Цифрлық технологиялардың кеңінен енгізілуіне қарамастан, кеден шекарасының іргелес жағында кеден қызметтерімен өзара іс-қимылды қамтамасыз етудің маңызы зор. Бұл ретте шетелдік кеден қызметтерімен үздік тәжірибелер бойынша, атап айтқанда цифрлық бұлтты технологияларға негізделген «ақылды кеден» делінетін жоба бойынша тәжірибе алмасу жалғасуда.

Бизнес-қоғамдастықтың спикерлері кеден қызметтерінің жұмысына цифрлық шешімдерді одан әрі енгізуді қолдауға дайын екендігін растады, бұл кеденшілер мен СЭҚ қатысушыларының өзара іс-қимылын жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, бизнес өкілдерінің кеден органдарымен өзара іс-қимылдың жүйелі мәселелерінің жалпы шешімдерін әзірлеуге мүмкіндік беретін халықаралық бірлестік құрғаны атап өтілді.

Қорытындылай келе, Руслан Давыдов Комиссия мен ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің кеден қызметтерінің Одақты табысты дамыту және еуразиялық интеграция мақсаттарына қол жеткізу үшін бірыңғай кедендік реттеу мен құқық қолдану практикасын қамтамасыз ету мақсатында бірге әрекет етуінің маңызды екенін атап өтті.