Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің үкімет басшылары тауарлардың ортақ биржалық нарығын қалыптастыру тұжырымдамасына қол қойды.
Бұл құжат еуразиялық «бестік» елдерінің ұлттық биржаларын дамытуға көмектеседі және бизнеске өткізу нарықтарын кеңейтуге мүмкіндік береді. Бұл ретте тұтынушылар бағалары бәсекелестік негізде қалыптастырылатын тауарларға қол жеткізе алады.
Тауарлардың ортақ биржалық нарығын қалыптастырудың басты мақсаттары биржалық тауарларға объективті нарықтық бағаларды қалыптастыру, Одақтағы сауда көлемдерін арттыру, ұлттық валюталармен есеп айырысу үлесін ұлғайту және әлемдік нарықта ЕАЭО тауарларына әділ баға белгілеуді қалыптастыру болып табылады.
Бұл ретте энергетикалық тауарлармен биржалық сауда жасау мәселелері энергетикалық ресурстардың ортақ нарықтарын қалыптастыру жөніндегі жұмыс шеңберінде келісілетін болады.
Сауда-саттықтарды ұйымдастырушылар мен оларға қатысушылар, тауарларды сақтау және тасымалдау бойынша қызметтер көрсететін инфрақұрылымдық ұйымдар, сондай-ақ ортақ биржалық нарыққа қатысушыларға көрсетілетін есеп айырысу-клирингтік қызметтер тауарлардың ортақ биржалық нарығының субъектілері болады.
Сауда-саттықтарды ұйымдастырушылар мен мүше мемлекеттердің инфрақұрылымдық ұйымдары арасында ақпарат алмасу тауарлардың ортақ биржалық нарығының тиімді жұмысын қамтамасыз ету үшін қажетті көлемде өзара уағдаластық бойынша жүзеге асырылатын болады.
Мүше мемлекеттердің биржалық сауданы реттеуге уәкілетті органдары мен ЕАЭО тауарларының ортақ биржалық нарығы субъектілерінің өзара іс-қимылы үшін консультативтік орган – Биржалық комитет құрылады.
Тауарлардың ортақ биржалық нарығын құру жөніндегі келесі қадам ЕАЭО шеңберінде биржалық сауда-саттықтарды дамыту бағдарламасын әзірлеу болады, оны 2024 жылдың соңына дейін үкімет басшылары деңгейінде бекіту жоспарланып отыр.