Նորություններ

01.07.2021

Үлкен қашықтық, үлкен келешек: ЕАЭО және Латын Америкасы мен Кариб бассейні елдерінің ынтымақтастығы жаңа дейгейге шығады

24 маусымда Еуразиялық экономикалық комиссия және БҰҰ-ның Латын Америкасы мен Кариб бассейніне арналған Экономикалық комиссиясының «Еуразиялық экономикалық одақ және Латын Америкасы мен Кариб бассейні елдері: трансшекаралық әріптестік» тақырыбына арналған бірлескен талдамалы баяндамасының таныстырылымы болып өтті. Please, scroll down for English.
Орыс және ағылшын тілдеріндегі баяндама
Таныстырылым видеосы

ЕЭК Интеграция және макроэкономика жөніндегі министрі Сергей Глазьев атап өткендей, бірлескен баяндаманы дайындау соңғы уақытта айналым ала түскен Еуразиялық экономикалық одақтың және Латын Америкасы мен Кариб бассейнінің (ЛАК) өңірлері арасындағы ынтымақтастықты дамытудың кезекті қадамы болды. Атап айтқанда, Комиссия өңірдің төрт интеграциялық бірлестігімен: Анд қоғамдастығының Бас хатшылығымен, Латын Америкасының экономикалық жүйесімен, Орталық Америкадағы Экономикалық интеграция жөніндегі хатшылықпен, Оңтүстік Америка елдерінің ортақ нарығымен, сондай-ақ БҰҰ-ның Латын Америкасы мен Кариб бассейніне арналған Экономикалық комиссиясымен өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум жасасты.

Өңірлердің мемлекеттері дипломатиялық көпжақтылықтың бірыңғай қағидатына бейілді, халықаралық саудада ашықтық және мультилатерализм қағидаттарын қолдауды жақтайды.Фармацевтика, машина жасау, АКТ-қызметтер көрсету сияқты және басқа салаларда бірлескен бизнес-бастамалар деңгейіндегі ынтымақтастық байқалуда. Сонымен бірге, офшорлықты қоспағанда, тауар айналымы мен тікелей инвестициялар көлемінің жоғары еместігі өзара іс-қимыл әлеуеті толық шамасында іске асырылмағанын көрсетеді. Бұл ынтымақтастықтың неғұрлым перспективалы бағыттарын іздеудің өзектілігіне және тежеуші факторларды анықтауға себепші болады.

ЕЭК Макроэкономикалық саясат департаментінің экономикалық саясат стратегиялары бөлімінің бастығы Андрей Пантелеев өзара іс-қимылды тереңдету жөніндегі негізгі тұжырымдар мен ұсыныстарды ортаға сала келіп, атап айтқанда, ағымдағы кезеңде ЕАЭО-ның ЛАК өңірінде орнықты экспорттық мүддесі қалыптаспағанын атап өтті. Армениямен және Қырғыз Республикасымен сауда біржолғы сатып алудан құралуда және соның салдарынан құбылмалы. Калий тыңайтқыштарын қоспағанда, Беларусь Республикасының жеткізілімдері елеулі емес. Ресей мен Қазақстанның экспорттық мамандануы орнықты, бірақ шикізаттық тауарларға (мұнай өнімдері, күкірт) және өңдеу деңгейі төмен өнімдерге (тыңайтқыштарға) шоғырланған. Тұтастай алғанда ЕАЭО мен ЛАК өзара сауда шеңберінде жеткізіле алатын тауарлардың үшінші елдермен саудасына қатысады.

Қалыптасқан жағдаяттың негізгі себебі – үлкен қашықтық және кейбір ЕАЭО елдерінің көлік хабтарынан, бәрінен бұрын порттық инфрақұрылымнан алыстығы себепші болып отырған қымбат логистика. Тежеуші факторлар арасында - тарифтік емес тосқауылдар, атап айтқанда, квоталардың қолданылуы шеңберіндегі сараланған кедендік ставка және басқалары, сондай-ақ негізгі сауда әріптестерінің ретке келтіріліп қойған өндірістік тізбектеріне кірістірушілік бар.

Саудадағы бұл кедергілерді ескере отырып, өндірістік қуаттарды әріптес-өңірде орналастыру заңды шешім болып табылады. Бұл сияқты өзара іс-қимыл мысалдары көп емес, бірақ геологиялық жұмыстардан бастап фармацевтикаға, автомобиль құрастырудан АКТ-қызметтер көрсетуге дейінгі салалардың кең спектрін қамтиды. Сонымен бірге, төлем балансы статистикасы тұрғысынан келгенде, ЕАЭО мен ЛАК арасындағы өнімді инвестициялар көлемі елеулі емес: атап айтқанда, ЕАЭО-ға түсетін ТШИ-дың 99%-ы офшорлық аумақтардан жіберіледі.

Сауда саласындағы ынтымақтастықтың мүмкіндігінен және тізбектерді бірлесіп қалыптастырудан бөтен, баяндамада жасыл энергетиканы, туристік ағындарды ынталандыруды, ғылыми-техникалық ынтымақтастықты қоса, өзге салалардағы өзара іс-қимылдың перспективалары, сондай-ақ өңірлердің интеграциялық құрылыстағы және экономиканың құрылымдық проблемаларын еңсерудегі жинақталған тәжірибесімен алмасу ұсынылған.

Сессия модераторы, «Валдай» «пікірсайыс клубының бағдарламалық директоры Ярослав Лисоволик қатысушыларды түсіндірмелер жасай отырып сөз сөйлеуге шақырды. Қатысушылар зерттеуге жоғары баға берді және ЕАЭО мен ЛАК өңірлері арасындағы ынтымақтастықты дамыту жұмысын жалғастыру қажеттігі туралы мәлімдеді.

ЛАК өңірі интеграциялық бірлестіктерінің өкілдері - Латын Америкасының экономикалық жүйесінің тұрақты хатшысы Хавьер Паулинич пен Орталық Америкадағы Экономикалық интеграция жөніндегі хатшылықтың бас хатшысы Мельвин Редондо баяндама екі өңірдің өзара іс-қимылды тереңдетуге деген ортақ мақсатты алға қойғанын бейнелейді деп атап өтті.

Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігі Латын Америкасы департаменті директорының орынбасары Дмитрий Белов өңірде қолданылатын ынтымақтастық механизмдерінің айтарлықтай тарихы мен әр алуандығын ескере отырып, Латын Америкасымен интеграцияның тәжірибесін зерделеудің маңызын атап көрсетті. Дмитрий Белов атап өткендей, РФ Сыртқы істер министрлігі өз тарапынан Латын Америкасымен диалогты, соның ішінде ЛАК пен ЕАЭО-да бизнес жүргізу мүмкіндігі туралы кәсіпкерлік қоғамдастықты хабардар ету жұмысын жүргізу шеңберінде дамытуға кең назар аударып отыр.
Таныстырылымға ЕАЭО мен ЛАК өңірлері арасындағы өзара іс-қимылды зерттеу саласының жетекші сарапшылары да қатысты.

РҒА Латын Америкасы институтының директоры Дмитрий Разумовский өңірлер арасындағы ынтымақтастықты тежейтін бірқатар күрделілікті, соның ішінде кей кезде еңсерілмейтін тарифтік емес тосқауылдар қолданылуын, ЕАЭО мен ЛАК өңірі мемлекеттерінің арасында преференциялы сауда келісімдерінің жоқ екендігін, өзара есептесулер жүргізу кезінде үшінші елдердің қаржы институттарына тәуелділікті, цифрлық қызметтер көрсету мен электрондық сауданы қоса, экономиканың «жаңа» секторларына жеткіліксіз назар аударылатынын атап өтті.

Уругвай Католик университеті Халықаралық бизнес институтының директоры Игнасио Бартесаги өңірлер арасында әрекетті байланыстарға даму институттары арасындағы, соның ішінде ЕАЭО мен ЛАК өңірлік даму банктері арасындағы ынтымақтастықты дамыту қосымша болуға тиіс екендігіне назар аударды.

Іс-шараның екінші сессиясына қатысуға ЛАК пен ЕАЭО өңірлерінде жобаларды іске асыру тәжірибесі бар бизнес өкілдері шақырылды. Әріптес-өңірмен практикалық өзара іс-қимылдың өзіндік тәжірибесін ұсына отырып, кәсіпорындар басшылары ЕЭК, ЕАЭО мемлекеттері мен ЛАК тарапынан бірінші кезекте ден қою талап етілетін тосқауылдар мен шектеулер туралы айтып берді.

«Қос өңірдің кәсіпкерлік қоғамдастығымен проблемаларды және өзара іс-қимыл мүмкіндіктерін талқылау неғұрлым терең тұжырымдар жасауға және солардың негізінде ЛАК пен ЕАЭО өңірлері арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты қолдау мен ынталандырудың тиімді шараларын ұсынуға мүмкіндік береді»,- деп түсіндірді сессия модераторы Андрей Пантелеев.


Ресей өнеркәсіпшілері мен кәсіпкерлері одағының вице-президенті – халықаралық екіжақты ынтымақтастық жөніндегі басқарушы директоры Сергей Красильников Латын Америкасымен байланысуды дамытудың кедергілерінің бірі деп шетелде бизнес жүргізу мүмкіндіктері мен ерекшеліктері туралы хабардарлықтың жеткіліксіздігін атады. Сергей Красильников атап өткендей, ЛАК өңірінде Ресейдің сауда өкілдері санының қысқаруы бұл проблеманы ушықтыра түседі. Пікірсайысқа қатысушылардың бәрі де оның кәсіпкерлерді қолдаудың - шетелде бизнес жүргізу туралы ақпаратқа қол жеткізуінің маңыздылығы туралы пікірімен келісті. Сергей Красильников БҰҰ-ның басқа өңірлік комиссияларымен ЕЭК-тің осындай баяндама дайындауы жөніндегі ұсынысын да білдірді.

«Мишн Фудс Ступино» кәсіпорнының бас директоры Наталья Мельникова отандық тұтынушы үшін дәстүрлі емес және осымен бір мезгілде латынамерикалықтар үшін әдетті болып табылатын жүгері чипстері мен тортилья сияқты тамақ өнімдерін Ресей нарығына шығару тәжірибесі туралы айтып берді.

«Біздің бизнесіміздің табысы, бірінші кезекте, өндірісті Ресейде ұйымдастырғанымызда»,-деді ол және ЕАЭО нарығына шығу перспективасын қарастыратын Латын Америкасы кәсіпорындарына шалғай өңірдегі тұтынушылар талғамына жақсырақ бейімделу үшін өндірісті жергіліктілендіру стратегиясын ұстануға кеңес берді. 
Табыстың басқа факторлары ретінде ол өндірістік қуаттарды қажетті инфрақұрылым мен жеңілдікті салық және инвестициялық режимге қол жеткізе отырып, айрықша экономикалық аймақтарда орналастыруды, сондай-ақ рұқсат ету құжаттарын алу бөлігінде өңірлік биліктің қолдауын атап өтті.

«Достастық» басқарушы компаниясының қазынашылығының басшысы Михаил Городков Латын Америкасында соя бұршақтары өндірісі мақсаттарында Бразилия компаниясын сатып алу тәжірибесі туралы айтып берді. ЛАК өңіріндегі инвестициялар туралы шешім импортқа балама болды және оны компания шикізаттың сапасын, сондай-ақ өнімнің көміртектік ізін бақылауға қол жеткізу мақсатында қабылдады. Бұдан басқа, компанияны сатып алумен бірге, «Достастық» клиенттік базаны иемденді, деп түсіндірді ол. Сонда да Латын Америкасынан ЕАЭО-ның Ресейден басқа елдеріне экспортты кеңейту перспективасы логистиканы ұйымдастырудағы қиындықпен шектелген: қосымша ауыстырып тиеу мен теміржол транзиті өнім құнын елеулі арттыруға әкеп соғады.
ЛАК өңірінен бұршақ тұқымдастар импорты үшін басқа бір тосқауыл - гендік-модификацияланған бұршақтар құрамында пестицидтер болуына қойылатын халықаралық деңгейде қабылданғандарға қарағанда, қолданыстағы ЕАЭО техникалық регламенттеріндегі неғұрлым жоғары талаптарды айқындайтын қатаңдық болып табылады.

«Әлуетті машиналар» АҚ гидроэнергетика дивизионын сату жөніндегі басшысы Михаил Цапенко айтып өткендей, компания үшін энергетика саласында халықаралық жобаларды іске асырудың негізгі тосқауылы секторлық санкциялардың қолданылуы болып табылады.

«Әйтсе де, Латын Америкасы өңірі – компанияның өсуінің түйінді драйвері», - деп атап өтті ол.


Санкциялардың қолданылуы жағдайында ЕАЭО шеңберіндегі өңірлік интеграция механизмдері теріс әсерді барынша азайту құралы бола алады. Компанияның Латын Америкасында жылу және гидроэлектростанциялар құрылысы жөніндегі жобаларды, соның ішінде СЭБ, РЭО және РЭКСА-ның қаржылық қолдауымен іске асыру тәжірибесі бар. Бүгінгі таңда Мексика мен Аргентинада бірнеше жобаны іске асыру жоспарлануда.

«Ресей тікұшақтары» АҚ өңірлік маркетинг басқармасының басшысы Максим Андрианов ЛАК өңірі паркінде Ресей шығарған 352 тікұшақ бар екенін айтты.

Тікұшақтар іс жүзінде барлық елде бар, қарымды сатып алушылар Перу, Венесуэла, Куба, Колумбия, Мексика болып табылады. Компанияның болжамы бойынша, оның ЛАК нарығындағы үлесі 2030 жылға қарай 15% құрайды. Максим Андриановтың сөзінше, кәсіпорын өңірге жеткізілімдердің бұдан да елеулі көлемін қамтамасыз ете алар еді, алайда негізгі тосқауыл «нарыққа кіру билетін алудың» қиындығы болып табылады:ЛАК өңірінде авиациялық техника ретінде ресейлік сертификаттарды растау рәсімінен өту ЛАК пен ЕАЭО арасында сертификаттау жүйесін тану туралы келісім жоқ болғандықтан қиындай түскен.

Сессияны аяқтай келе, Латын Америкасы елдерімен экономикалық ынтымақтастыққа жәрдемдесу ұлттық комитетінің бас директоры Татьяна Машкова Латын Америкасында бизнесті бастаған кәсіпорындар тап болып жүрген проблемалар тізбесін жинақтады.

Атап айтқанда ол мыналарды атап өтті:
• Латын Америкасында бизнес жүргізу мүмкіндіктері туралы хабардарлықтың жоқтығы. Мәселен, ЛАК-та Ресей экспорт орталығы мен Ресей сауда-өнеркәсіп палатасының өкілдері жоқ, ал сауда өкілдері мен экономикалық кеңесшілер саны жеткіліксіз.
• Өңірдің логистикалық қолжетімсіздігі. Ресейлік кемелердің экспортқа шығарылатын өнімнің 4-6%-ын ғана таситынымен ушыға түседі, РФ-қа қатысты қолданылатын санкциялар халықаралық көлік компанияларының қызметтер көрсетуін пайдалануды қиындата түседі.
• Шоурумдарды, қоймаларды, уақытша сақтау қоймаларын, консигнациялық қоймаларды қоса алғанда, порт инфрақұрылымының жеткіліксіз дамуы – ЕАЭО өңірінде де, ЛАК-та да кездеседі.
• ЛАК елдерімен, соның ішінде Чилимен ЕСА туралы келіссөздерде прогрестің болмауы.
• Тендерлерге қатысу үшін ЛАК өңірінде жергілікті әріптес іздеу, өндірісті оқшаулау ерекшелігі туралы хабардар ету мәселелерінде мемлекеттік қолдаудың жеткіліксіздігі.
• ЕАЭО мен ЛАК өңірлері арасында қалыптасқан банкаралық қатынастардың болмауы. Соның салдарынан тауарлар мен қызметтер көрсетуді жеткізгені үшін өзара есеп айырысулар негізінен үшінші елдердің валюталарында және шетелдік төлем инфрақұрылымын пайдалана отырып жүзеге асырылады, бұл санкциялар енгізілген жағдайда мәмілелердің жыртылу немесе «тоқтап қалу» қаупін тудырады.

Комиссия өңірлер кәсіпорындарының ұсыныстарын пысықтау және жинақтау, бірлескен бастамалар мен тосқауылдарды еңсеруді қолдаудың нақты шараларын әзірлеу үшін бизнеспен бірқатар кездесулер ұйымдастыруды жоспарлап отыр.