Նորություններ

29.04.2021

ЕЭК-тің бәсекелестік блогының сарапшылары ЕАЭО елдеріндегі мемлекеттік сатып алу мәселелерін бизнеспен бірге талқылады

28 сәуірде Қазанда Ресей ФМҚ оқу орталығында өткен Қоғамдық қабылдау отырысында Еуразиялық экономикалық комиссияның бәсекелестік блогының сарапшылары мен Еуразиялық экономикалық одақ елдері уәкілетті органдарының, коммерциялық емес ұйымдары мен бизнесінің өкілдері мемлекеттік сатып алу нарығына кедергісіз қол жеткізуді қамтамасыз ету және осы саладағы цифрлық шешімдерді жетілдіруді талқылады. Қаралған құжаттардың бірі — Комиссия Кеңесі бекіткен Мемлекеттік сатып алу мақсаттары үшін тауарлардың жекелеген түрлерінің шығарылған елін айқындау қағидалары болды. Олар өнеркәсіптің тоғыз саласындағы 255 тауар түрі бойынша шарттарды, өндірістік және технологиялық операцияларды көздейді, бұларды орындау кезінде тауар ЕАЭО мемлекеттерінде шығарылған деп саналады.

ЕЭК Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі министрі Арман Шаққалиевтың сөзінше, бұл қағидалар – мемлекеттік сатып алуға қатысуға кедергісіз қол жеткізу, қазіргі бар әкімшілік тосқауылдарды алып тастау және, тиісінше, бизнестің шығыстарын қысқарту.

«Қағидалардың импорт алмастыру елдеріндегі ынталандыру, өнеркәсіптік кооперацияны дамыту және дайын өнімдер өндірісіне қажет жиынтықтауыштар өндірісін құру үшін маңыздылығын айрықша атап көрсеткім келеді. Осының бәрі жаңа жұмыс орындарын құру және бұрын Одақта өндірілмеген инновациялық өнімді әзірлеу түрінде оң нәтиже береді», — деп атап көрсетті Арман Шаққалиев.


Бұл мәселені талқылауға Белорус Сауда-өнеркәсіп палатасының, Ресей Федерациясы Өнеркәсіп және сауда министрлігінің және бизнестің өкілдері қатысты.

ЕЭК-тің Бәсекелестік саясат және мемлекеттік сатып алу саласындағы саясат департаменті директорының орынбасары Павел Жуковский Комиссияның өз ақпараттық ресурсы — ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің өнеркәсіптік тауарларының Еуразиялық тізілімі пайдалануға берілгені туралы айтып берді.

Еске сала өтсек, 22 сәуірде Комиссияның жаңа ақпараттық ресурсы іске қосылды. Бүгінгі таңда ұлттық уәкілетті органдардың сараптама актілері негізінде тізілімге жеті тауар позициясы кірістірілді.

Отырыстың екінші бөлігі мемлекеттік сатып алу процесін цифрландыруға арналды. Қатысушылар ЕАЭО елдерінің электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) өзара тануын талқылады. ЕЭК министрінің сөзінше, ЭЦҚ валидациясы, тексеру және верификациясы бойынша жұмыстың негізгі нәтижесі Электрондық цифрлық қолтаңбаны тексеру және тану жөніндегі қағидаларды әзірлеу болады.
«Электрондық цифрлық қолтаңбаны тексеру және тану жөніндегі қағидаларды Одақ құқығында беркіту осы мәселені шешу үшін қажетті құқықтық негіздерді қалыптастыруға мүмкіндік береді», — деп атап өтті ЕЭК бәсекелестік блогының басшысы.


Комиссия министрі қорытындылай келіп, қатысушыларға неғұрлым ашық болуға және бір бірін тыңдай білуге деген шақырумен қайырылды.

«Біздің девизіміз – «Күштілер – бірге». Біздің Одақ мемлекеттерінің экономикаларын нығайту жөніндегі ортақ күш-жігеріміз ғана олардың үндес дамуы мен жақындасуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ іскерлік белсенділіктің орнықты өсуіне, теңдестірілген сауда мен адал бәсекелестікке кепілдік орнатуға мүмкіндік тудырады, өнеркәсіптік кооперацияға жаңа серпім береді», — деп түйіндеді Арман Шаққалиев.