Նորություններ

27.09.2021 (Обновлено: 08.02.2022 16:29)

ЕЭК министрі Гегам Варданян ТМД елдері үшін «Шекарасыз жұмыс» жобасының таныстырылымын өткізді

ЕЭК Ішкі нарықтар, ақпараттандыру, АКТ жөніндегі министрі Гегам Варданян Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Экономикалық кеңесіне қатысушылар үшін «Шекарасыз жұмыс» біріздендірілген іздеу жүйесінің таныстырылымын өткізді.

Гегам Варданян цифрлық жобаның мақсаттары, ерекшеліктері мен перспективалары туралы әңгімеледі.

ЕЭК министрі «Шекарасыз жұмыс» іске қосылған сәттен бастап Одақ елдерінің азаматтары іздеу жүйесін белсенді пайдалана бастағанын атап өтті. Жыл ішінде пайдаланушылар саны кемінде 500 мыңға жетеді, миллионға тарта өтініш болады деп жоспарлануда. Вакансиялар бойынша кемінде 100 мың үн қосу, сондай-ақ жұмыс берушілерден кемі 10 мың шақыру болады деп күтілуде.

Г.Варданян жобаның цифрлық құралдар көмегімен Одақ мемлекеттері нарықтарының өзара іс-қимылын қамтамасыз етуге көмектесетінін атап көрсетті. «Шекарасыз жұмыс» ЕАЭО елдерінің ұлттық заңнамасы талаптарын ескере отырып құрылған, ал оның таратылған архитектурасы ұлттық жүйелерде деректер массивін сақтауға мүмкіндік береді. Бұл ретте пайдаланушылардың дербес деректері сақталмайды және жүйеден жүйеге берілмейді.

ТМД Атқарушы комитетінің бастамасы бойынша «Шекарасыз жұмыс» жобасы оны іске асырудың географиясын кеңейту мақсатында Экономикалық кеңес отырысына ұсынылғанын атап өткен жөн.

Отырысқа Беларусь Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Игорь Петришенко, ТМД Атқарушы комитетінің төрағасы Сергей Лебедев, Ресей Федерациясы Экономикалық даму министрінің орынбасары Дмитрий Вольвач, Армения Республикасының РФ-тегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Вардан Тоганян және басқалар қатысты.