Жаңалықтар

01.04.2024

ҚХР-дан әкелінетін тербеліс мойынтірегіне арналған демпингке қарсы баж бес жылға ұзартылды

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы ҚХР-да шығарылатын тербелiс мойынтіректеріне (инелілерін қоспағанда) қатысты демпингке қарсы баждың қолданылуын осы күнді қоса алғанда 2029 жылғы 31 наурызға дейін ұзартты.

"Шешім Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен мойынтірек өндірушілердің өтініштері негізінде, қолданылатын шараның қолданылу мерзімінің аяқталуына байланысты Ішкі нарықты қорғау департаменті 2023 жылғы 21 сәуірде бастаған демпингке қарсы қайта тергеп-тексеру қорытындылары бойынша қабылданды", – деп атап өтті ЕЭК Сауда жөніндегі министрі Андрей Слепнев.
Өтінішті "ЕПК Волжский" ААҚ, "ЕПК Самара" ААҚ, "ЕПК Саратов" АҚ, "ЕПК-жаңа технологиялар" ЖШҚ, "Степногорск мойынтірек зауыты" АҚ және "ЕПК-Бренко мойынтірек компаниясы" ЖШҚ сияқты компаниялар берді және "Минск мойынтірек зауыты" ААҚ және "Вологда мойынтірек зауыты" ЖАҚ қолдады.

ҚХР-дан әкелінетін тербелiс мойынтіректеріне (инелілерін қоспағанда) қатысты демпингке қарсы баж 2011 жылы белгіленген, осыдан кейін оның күші ұзартылып отырды. Демпингке қарсы баж ставкаларының мөлшері қазіргі сәтте «Уси тербелiс мойынтіректері» ЖШҚ үшін кедендік құнның 31,3 %-ын және басқа өндірушілер үшін 41,5 %-ын құрайды.