ЕЭК Энергетика және инфрақұрылым жөніндегі министрі Арзыбек Кожошев Жаһандық энергетикалық бірлестік саласындағы даму және кооперация ұйымының (GEIDCO) қолдауы аясындағы "Жаһандық энергетикалық өзара байланыс және ОДМ-ға көшу" тақырыптық сессиясына қатысты. Іс-шара 10 шілдеде Нью-Йоркте (АҚШ) БҰҰ-ның Орнықты даму жөніндегі жоғары деңгейлі саяси форумы (ЖДСФ-2024) шеңберінде өтті.
Өз сөзінде ЕЭК министрі жаңғыртылатын энергия көздерін көбірек пайдалану және олардың күнделікті өмірге интеграциясы есебінен орнықты энергетикаға төртінші энергетикалық ауысу жағдаятына тоқталды.
"Әрбір ауысу энергетикалық жүйе үшін елеулі өзгерістер әкеледі. Бұл пайдаланылған ресурстардың жаңа комбинациясына, жүйе құрылымындағы өзгерістерге, оның ауқымына, сондай-ақ жаңа энергетикалық саясатты қалыптастыру қажеттігіне байланысты", — деп атап өтті Арзыбек Кожошев.
ЕЭК министрі энергияға деген өскелең сұранысты қанағаттандыру және әділ энергетикалық ауысуды қамтамасыз ету үшін ЕАЭО елдеріне энергетиканың әртараптандырылған құрылымы, сондай-ақ орнықты жеткізілім тізбегі қажет деді. Осымен бір мезгілде, неғұрлым тығыз технологиялық ынтымақтастықты жолға қою қажеттігі бар.
Өзінің сөзінде Арзыбек Кожошев сондай-ақ GEIDCO-ның энергия жүйелерін жаһандық біріктіру, таза және баламалы энергия көздерін дамыту жобасын қалыптастыру мен ілгерілету жөніндегі рөлін жоғары бағалады.
Арзыбек Кожошев жұмыс ретімен байланысуды жолға қоюға және диалог орнатуға деген мүдделілікті айқындап айта отырып, "GEIDCO-ның энергетика саласындағы жетістіктерін біз зор ықыласпен зерделейміз, өйткені Еуразиялық экономикалық одақ үшін де бұл мәселелер өзекті болып табылады" — деп мәлімдеді.