Жаңалықтар

23.11.2022 (Обновлено: 30.11.2022 12:19)

Арзыбек Кожошев: «Таяудағы перспективада бізге орнықты көлік маршруттары мен дәліздерін қалыптастыру қажет»

23 қарашада ЕЭК Энергетика және инфрақұрылым жөніндегі министрі Арзыбек Кожошев пен Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Мемлекеттік Думасының Көлік және көлік инфрақұрылымын дамыту комитетінің төрағасы Евгений Москвичев көлік саласындағы интеграцияны дамыту мәселелерін талқылады.

«Көлік саласында ЕАЭО-ның салалық нарықтарын қалыптастыру ЕАЭО туралы шарт ережелерін орындау жөніндегі жай міндет болып қалмайды, қайта ЕАЭО шеңберінде тасымалдарды толық мәнінде дамыту үшін экономикалық интеграцияның әлеуетін және ресурстық платформаны іске асырудың қажетті талабы болып табылады. Таяудағы перспективада бізге орнықты көлік маршруттары мен дәліздерін тиісті цифрлық сервиспен және инфрақұрылымның техникалық жағынан жарақтанған объектілерімен нығайта отырып қалыптастыру қажет»,- деп атап өтті Арзыбек Кожошев.
Кездесу барысында ЕЭК министрі 2021-2023 жылдарға арналған көлік саясатын іске асыру жөніндегі жол картасы іс-шараларының орындалуы туралы хабардар етті және 2023 жылғы бірінші тоқсанда ЕЭК тараптармен бірлесіп кезекті үш жылдық кезеңге арналған жол картасын дайындауға кірісетінін хабарлады.

Евгений Москвичев өз кезегінде Комитеттің заң шығармашылық қызметі мен жоспарлары туралы, сондай-ақ Еуропалық одақ елдерімен көлік қатынасына ықпал еткен Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасына санкциялық және шектеу шараларын қолдануға, тауарларды өткізудің классикалық маршруттарының өзгеруіне байланысты Ресейдің көлік бизнесі мәлімдеген проблемалар жайында хабарлады.

Талқылау процесінде автомобиль жүк тасымалдарын ырықтандыру мәселелері де қозғалды. Кездесуге қатысушылар ЕАЭО елдеріндегі каботажды автомобиль жүк тасымалдарын жүзеге асыру жөніндегі жағдаят туралы пікір алмасты және тиісті ұсыныстар тұжырымдау үшін аталған мәселе бойынша өзара іс-қимылды жалғастыруға уағдаласты.

Кездесу соңында қатысушылар бұдан арғы өзара іс-қимылдың маңыздылығын, көлік саласын дамыту мәселелерін талқылау мақсатында алдағы 2023 жылы түйінді іс-шараларды бірлесіп өткізу немесе оларға қатысу қажеттігін атап өтті.