Жаңалықтар

27.09.2022

Бақытжан Сағынтаев: «ЕАЭО – бұл Одақтың кез келген елінде еркін жұмыс істей алатын 93 млн жұмыскер»

Қырғыз Республикасында, Бішкекте өтіп жатқан «Еуразиялық еңбек нарығы туралы диалог» форумында ЕЭК Экономика және қаржы саясаты жөніндегі министрі Бақытжан Сағынтаев Еуразиялық экономикалық комиссияның еңбекшілердің құқықтарын кеңейту және оларды әлеуметтік қорғау деңгейін арттыру жөніндегі жұмысының неғұрлым маңызды бағыттары туралы айтты.

«Бүгінде ЕАЭО – бұл Одақтың кез келген елінде еркін жұмыс істей алатын 93 млн жұмыскер»,- деп атап көрсетті ол.

ЕЭК министрі бұл саладағы неғұрлым маңызды құжаттардың арасында 2021 жылы күшіне енген ЕАЭО елдері еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісім бар екенін еске салды. Ол зейнетақы құқықтарын қалыптастыру, сақтау және іске асыру кезінде жұмысқа орналасу мемлекетінің азаматтарымен тең жағдай жасады, еңбекшілердің зейнетақыларын экспорттау мәселелерін шешті.

ЕАЭО туралы шартқа да маңызды түзетулер енгізілді, олар жұмысқа орналасу мақсатында болу мемлекетінен шықпай-ақ келу мақсатын өзгертуге мүмкіндік береді, педагогика және құқықтану бойынша еңбекшілердің білімі туралы құжаттарды тікелей тануды қамтамасыз етеді, ғылыми дәрежелер мен ғылыми атақтар туралы құжаттарды тікелей тану бойынша ЕАЭО шеңберінде халықаралық шарттар жасасуға мүмкіндік береді. Ал бұл өзгерістердің күшіне енуі жұмысқа орналасу мемлекетінде қосымша рәсімдерден өту қажеттігін болдырмайды.

Бақытжан Сағынтаев ЕЭК ЕАЭО елдері экономикасының жұмыскерлерге мүқтаждығын болжау мақсатында жыл сайын бірыңғай еңбек нарығындағы неғұрлым сұранысты кәсіптердің тізбесін дайындап, өз сайтында орналастыратынын айтты. Кейіннен оған енгізілген кәсіптерге ЕАЭО елдері өздерінің ұлттық біліктілік талаптарын әзірлеу кезінде қолданатын ұсынымдық біліктілік талаптары тұжырымдалады.

"Сұранысты кәсіптердің тізбесі және оларға қойылатын ұсынымдық біліктілік талаптары - бұл сондай-ақ білім беру ұйымдары үшін өз кәсіби дайындық бағдарламаларын қалыптастыру кезіндегі бағдар. Бұл жұмыс еңбек өнімділігін арттыру мақсатында жұмыскерлердің біліктілік деңгейін дәйекті жақындастыруға бағытталған",- деп атап көрсетті ЕЭК министрі.

Бақытжан Сағынтаев сондай-ақ ЕАЭО-ның ортақ еңбек нарығын одан әрі дамыту перспективалары туралы айтты.