Жаңалықтар

21.11.2023

АСЕАН-дағы ЕАЭО күндері: сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуда іскерлік қоғамдастықтар түйінді рөл атқарады

Еуразиялық экономикалық одақ пен Оңтүстік Шығыс Азия елдерінің қауымдастығы арасындағы жаңа экономикалық шынайылықтағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың мүмкіндіктерін талдауға арналған "АСЕАН - ЕАЭО байланысын нығайту: іскерлік қоғамдастықтың рөлі" дөңгелек үстелінің қатысушылары осындай тұжырым жасады. Іс-шара 20 қарашада АСЕАН Хатшылығындағы ЕАЭО күндері шеңберінде болып өтті.

Дөңгелек үстелді Еуразиялық экономикалық комиссияның Интеграция және макроэкономика жөніндегі министрі Сергей Глазьев ашты.

"ЕАЭО мен АСЕАН-ның өзара іс-қимылының негізгі мақсаты - сауда тосқауылдарын жою және бизнес-қоғамдастықтар үшін жаңа мүмкіндіктер жасау", – деп атап көрсетті ЕЭК министрі.

  Ол ЕАЭО мен АСЕАН елдерінің сауда-экономикалық ынтымақтастығы көлемінің тұрақты өсуін атап өтті. Ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша өзара тауар айналымының өсуі 11%-дан асады деп күтілуде. Одақ пен Комиссия еркін сауда туралы келісім (Вьетнам) және өзара іс-қимыл туралы меморандум (Сингапур, Индонезия, Мьянма, Таиланд, Камбоджа) форматында өзара іс-қимылды институттандырған АСЕАН елдерімен сауда неғұрлым серпінді дамып келеді. Ағымдағы күн тәртібінде – Одақтың Индонезиямен еркін сауда туралы диалогы, сондай-ақ ЕЭК пен Лаос Үкіметі арасындағы өзара іс-қимылды институттандыру тұр.

Сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттыра түсудің маңызды резерві осал жерлерді түптей тігу болып табылады, олардың қатарына төлемдерді жүргізу мәселелері, көлік-логистикалық проблемалар, сондай-ақ кәсіпкерлерге тауарлар мен әлеуетті әріптестер туралы мәліметтер беретін ақпараттық алаңдарды қалыптастыру жатады.

Сергей Глазьев АСЕАН елдеріне ЕАЭО-да ендірілген төлем жүйесінің мүмкіндіктерін және сақтандыру құралдарын пайдалануды ұсынды. Сауданың өсуінің тағы бір маңызды элементі – ұлттық валюталарды, блокчейнді және халықаралық сауданың басқа да цифрлық құралдарын көбірек пайдалану болуы мүмкін. Бұл транзакцияларды жүргізуді жеңілдетуге әрі арзандатуға және жүктерді тасымалдау қызметтерінің қолжетімділігін жақсартуға мүмкіндік береді.

Ресей Федерациясы Экономикалық даму министрінің орынбасары Дмитрий Вольвач ЕАЭО мен АСЕАН сауда-экономикалық ынтымақтастығының одан әрі өсуінің индикаторы ЕАЭО елдеріндегі экономикалық өсудің оң серпіні болып табылатынын атап өтті. 
Сондай-ақ, ол іскер топтар өкілдерінің назарын АСЕАН-мен өзара іс-қимыл трегінде жүргізіліп жатқан жұмыстарға, атап айтқанда, Ресей мен АСЕАН-дағы шағын және орта кәсіпкерлікті цифрландыруды талдауға, ЕАЭО мен АСЕАН-дағы цифрлық трансформация тақырыптамасы бойынша семинардың ұсынымдарына (екінші кезеңі 2024 жылдың басына жоспарланған) және де әзірленуі аяқталуға жақын Ресей мен АСЕАН-ның көмірсутектерден бас тарту мәселелеріндегі өзара түсіністік туралы бірлескен декларациясына аударды.
АСЕАН Хатшылығының өкілі Латифахайда Абдул Латиф интеграциялық бірлестіктердің стратегиялық даму процестері шеңберінде іскерлік қоғамдастықтармен өзара іс-қимыл мәселелеріне орайлас тәсілдемелердің ұқсастығын атап өтті.

Атап айтқанда, ол бес стратегиялық басымдықты: стандарттарды үндестіру және тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді өзара тануды; сауданың ашықтығын қамтамасыз ету және сауда рәсімдерін оңайлатуды; инновациялардың, цифрландырудың және жаңа технологиялардың рөлін арттыруды; орнықты қаржыландыру және инновацияларды инвестициялауды; энергияны тиімді пайдалану және басқа ресурстарды өзіне кірістіретін "АСЕАН экономикалық қоғамдастығына арналған тұйық циклды экономика негіздері" бағдарламасының басымдықтары туралы айтты.

Дөңгелек үстелдің жұмысына сондай-ақ Ресей – АСЕАН Іскерлік кеңесінің төрағасы Иван Поляков, АСЕАН энергетикалық орталығының атқарушы директоры Нуки Агуя Утама, Digital Pilipinas компаниясының өкілі Амор Макланг, Astana Manana Indonesia компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Ханзела Кусумаменгала және басқа да сарапшылар қатысты, олардың көпшілігі ЕАЭО мен АСЕАН елдерінің туризм, энергетика, көлік, консалтинг саласындағы іскер топтары арасындағы тікелей өзара іс-қимылды әртараптандырудың орындылығын атап өтті. Осы мақсатта бизнес-миссияларды белсенді ұйымдастыру қажет.

Іс-шараға сілтеме ЕЭК-тің Youtube-каналында қолжетімді.