Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі 26 қыркүйекте мемлекеттік сатып алу мақсаттары үшін тауарлардың жекелеген түрлерінің шығарылған елін (ТШЕ) айқындау қағидаларына № 1 қосымшаға енгізу үшін өнеркәсіптің төрт саласының алты тауар позициясына өндірістің жаңа шарттарын келісті.
ЕЭК Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі министрі Бақыт Сұлтановтың сөзінше, Комиссия Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен және бизнес өкілдерімен бірлесіп, ТШЕ-нің Еуразиялық қағидаларын өндірістің жаңа шарттарымен және тауар позицияларымен толықтыруды жалғастыруда.
"Бүгін Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің вице-премьерлері Еуразиялық сатып алуға қатысу үшін тауарларға қойылатын өндірістің жаңа шарттарын келісті. Енді олардың жеткізушілері мен өндірушілері резиденттікке қарамастан мемлекеттік сатып алуға тең қол жеткізе алады. Кеңестің шешімінде өнеркәсіптің екі жаңа саласы "отырғанын" атап өтемін, бұлар бойынша Еуразиялық бестік елдерінде бұрын келісілген талаптар болған жоқ. Бұл "Ауыр машина жасау" және "Өлшеуге арналған приборлар", - деп атап өтті министр.
Бүгінгі таңда Қағидалармен 700-ден астам тауар атауы қамтылған.
Бүгінгі шешіммен "Арнайы машина жасау" саласы тамақ сұйықтықтарын тасымалдауға арналған көлік құралдары үшін өндіріс шарттарымен толықтырылды. "Ауыр машина жасау" саласы енді екі позициямен (таспалы элеваторлар және көтеруге, жылжытуға, тиеуге немесе түсіруге арналған өзге де машиналар) ұсынылған. "Өлшеуге арналған приборлар" бөліміне физикалық және химиялық талдауға, иондаушы өлшемдерді анықтауға немесе өлшеуге, автоматты реттеуге/басқаруға арналған приборлар мен аппаратура кірістірілген.
Қазақстан Республикасының бастамасы бойынша ТШЕ қағидаларына "Химия өнеркәсібі" саласының құбырлары, түтіктері және шлангілері үшін өндіріс шарттарын кірістіру келісілді.