Жаңалықтар

12.04.2024

ЕАЭО сәйкестендіру құралдарымен таңбалауға жататын жеңіл өнеркәсіп тауарларының тізбесін кеңейтеді

Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі Ресей Федерациясының сәйкестендіру құралдарымен таңбаланатын жеңіл өнеркәсіп тауарларының тізбесін кеңейту туралы ұсынысын қарады және Еуразиялық экономикалық одақтың қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілеріне өзгертулер енгізу туралы шешім қабылдады.

Түзетулер Комиссия Кеңесінің «Сәйкестендіру құралдарымен жеңіл өнеркәсіптің жекелеген тауарларын таңбалауды енгізу туралы» 2019 жылғы 18 қарашадағы № 127 шешімімен бекітілген таңбалауға жататын өнім түрлеріне ғана қатысты.

Таңбалау костюмдерге, жейделерге, тоқылған бұйымдарға, жасанды жүннен жасалған бұйымдарға және басқа да киімдерге қолданылады. Одаққа мүше мемлекеттер 2024 жылғы 1 сәуірден бастап аталған тауарларға қатысты таңбаланбаған өнім айналымына тыйым салуға құқылы.

«Таңбалануға жататын тауарлардың қатарына жаңа тауарларды кезең-кезеңімен енгізу – бұл тұтынушыға олардың түпнұсқалығына көз жеткізуге мүмкіндік беретін және заңсыз айналым үлесін қысқарту арқылы нарыққа адал қатысушылардың бәсекеге қабілеттілігін арттыратын жалпы жүйені дамытудағы дұрыс қадам», — деп атап өтті ЕЭК сауда министрі Андрей Слепнев.

Айта кету керек, тауарлардың жаңа топтарын таңбалау, бұрынғыдай, бірыңғай ережелер бойынша жүргізілетін болады. Бұл ретте Комиссия Кеңесінің 2019 жылғы 5 наурыздағы № 19 шешімімен бекітілген ЕАЭО-да сәйкестендіру құралдарымен тауарларды таңбалау жүйесінің базалық технологиялық ұйымдық моделінің ережелері ескеріледі. Осылайша, Одақ аумағында айналыста болған кезде тауарларды қайта таңбалаудың қажеті жоқ.