Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы Комиссияның сұратуы бойынша ақпарат бермегені үшін "Магнитогорск химиялық реагенттер зауыты" ААҚ-қа және оның бас директорына айыппұл тағайындады.
Химиялық реагенттердің трансшекаралық нарығындағы жосықсыз бәсеке туралы істі қарау барысында Комиссия соның ішінде "Магнитогорск химиялық реагенттер зауыты" ААҚ-тан да ақпарат сұратты, алайда шаруашылық жүргізуші субъект белгіленген мерзімде ақпарат берген жоқ.
ЕЭК Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі министрі Максим Ермолович атап өткендей, сұрату кәсіпорынға бірнеше мәрте жіберілді. Ақпарат бермеу Бәсекелестіктің жалпы қағидаттары мен қағидалары туралы хаттаманың 13-тармағын бұзушылық болып табылады.
"Комиссия бұзушылықтың бар немесе жоқтығын белгілеу үшін өз өкілеттігі шегінде сұрату жібереді. ЕАЭО нарығының субъектілері мен лауазымды адамдар бұған мұқият қарауы керек, әсіресе мұндай істер бойынша сот практикасы Комиссияның іс-қимылының заңды екенін айғақтайды", – деп атап өтті ЕЭК министрі.
Ұлтүсті органның шешімі жарияланған сәтінен бастап 30 күн өткен соң заңды күшіне енеді.