Жаңалықтар

26.06.2024

ЕЭК халықтың денсаулығын сақтау мәселелері бойынша өңірлік және елдік ынтымақтастықты қолдайды

Бішкекте болып өткен Орталық Азияда денсаулық сақтау саласына инвестициялар жөніндегі халықаралық форумда Еуразиялық экономикалық комиссияның Еңбек көші-қоны және әлеуметтік қорғау департаментінің директоры Алтынай Омурбекова Еуразиялық экономикалық одақтағы көшіп келуші еңбекшілердің денсаулығын қорғау саласындағы тәжірибемен бөлісті.

Форумға ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерді қоса, Орталық Азия елдерінің, Біріккен Ұлттар Ұйымы агенттіктерінің және Еуропалық одақ мекемелерінің, даму агенттіктерінің, өңірлік және халықаралық құрылымдардың, даму банктерінің және басқа да ұйымдардың өкілдері қатысты.

Іс-шараға қатысушылар денсаулық сақтау саласына капитал салуды ұлғайтуды, инфекциялық және инфекциялық емес аурулармен күресуге байланысты Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге жәрдемдесуді, көшіп келуші еңбекшілердің денсаулығын қорғауды талқылады.

"ЕАЭО-ға еңбек көші-қоны тасқынының ұлғаюы азаматтардың денсаулығын нығайту және қорғауға, еңбекшілер мен олардың отбасы мүшелеріне медициналық көмек көрсетуге байланысты проблемаларды шешу мақсатында Одақ елдерінің тиісті органдарының бұдан да тығыз өзара іс-қимылының қажеттігін талап етеді", – деп атап өтті Алтынай Омурбекова.

ЕЭК Департаментінің директоры Форумға қатысушыларды Комиссияның 2025-Стратегиясының денсаулық сақтау саласындағы іс-шараларын іске асыру жөніндегі жұмысы жайында хабардар етті.

Форум аясында Алтынай Омурбекованың Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) өкілдерімен – өңірдегі төтенше жағдайларға қарсы іс-қимыл жөніндегі директордың міндетін уақытша атқарушы Гундо Вейлермен және елдік қолдау тобының жетекшісі Кристина Майер-Стендермен жұмыс кездесуі болып өтті. Тараптар екіжақты ынтымақтастықты тереңдету туралы, соның ішінде Комиссияның ДДҰ-ның әртүрлі бөлімшелерімен және өңірлік бюроларымен диалогын жолға қою туралы уағдаласты.

2024 жылғы қазанда ЕАЭО елдерінің бірінде жұмысқа орналасу мемлекетіндегі көшіп келуші еңбекшілер мен олардың отбасы мүшелерінің денсаулығын қорғау жөніндегі бірлескен іс-шараны өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Орталық Азиядағы денсаулық сақтау саласына инвестициялар жөніндегі халықаралық форумды ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросы Қырғыз Республикасының Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровтың қамқорлығымен ұйымдастырды.

ЕЭК пен ДДҰ-ның өзара іс-қимылы 2021 жылғы 13 қазанда Минскіде қол қойылған Өзара түсіністік туралы меморандум негізінде жүзеге асырылады.