Жаңалықтар

24.06.2022 (Обновлено: 05.07.2022 11:05)

ЕЭК ХЭБ-тің өңірлік өкілдерімен бірлесіп ірі қара малдың боркемік тәрізді энцефалопатиясы бойынша семинар өткізді

Әлемдегі, соның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттеріндегі ірі қара малдың боркемік тәрізді энцефалопатиясы (ІҚМ БЭ) бойынша ағымдағы эпизоотиялық жағдаят мәселелері, орындалуы осы ауру бойынша елдің тиісті мәртебе алуы үшін қажет Дүниежүзілік жануарлар денсаулығын сақтау ұйымының (ХЭБ) талаптары, сондай-ақ оны алу механизмдері Еуразиялық экономикалық комиссия мен ХЭБ-тің Мәскеу мен Нұр-Сұлтандағы өңірлік өкілдіктері ұйымдастырған, ЕАЭО елдерінің ветеринариялық қызметтеріне арналған семинарда қаралды.

«ІҚМ БЭ бойынша тәуекелі бақыланатын немесе тәуекелі төмен ел мәртебесін алу мәселелері бүгінгі күні өзекті болып табылады, өйткені елде мұндай мәртебенің болуы оған өзінің экспорттық әлеуетін айтарлықтай нығайтуға мүмкіндік береді. Одақ елдері үшін бұл экспортты арттырудың маңызды міндеттерінің бірі», – деп атап көрсетті ЕЭК Техникалық реттеу жөніндегі министрі Виктор Назаренко.
Семинар жұмысына ХЭБ жетекші сарапшылары мен ЕАЭО мемлекеттерінің ветеринария саласындағы уәкілетті органдарының басшылары қатысты. Әлемдегі ірі қара малдың боркемік тәрізді энцефалопатиясы бойынша эпизоотиялық жағдаят және осы ауру бойынша ХЭБ мәртебесін алу туралы ақпарат ұсынылды. ЕАЭО елдерінің уәкілетті органдары жұмыс тәжірибесімен алмасты.
Семинар барысында алынған ақпарат пен білім Еуразиялық экономикалық одақтың құқығына кіретін қолданыстағы нормативтік актілерді жетілдіру және жаңа нормативтік актілерді әзірлеу кезінде, атап айтқанда, ХЭБ-тің жануарлар аурулары бойынша ел мәртебесі туралы сертификаттарды алу кезіндегі уәкілетті органдардың өзара іс-қимыл жасау тәртібін жетілдіру кезінде пайдаланылатын болады, сондай-ақ ЕАЭО елдерінің ветеринариялық қызметтеріне ХЭБ ұсынымдары мен әлемдік тәжірибені ескере отырып, өз мемлекеттерінің аумағына ІҚМ БЭ қоздырғышын әкелуді болдырмауға бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізуге, сондай-ақ осы ауру бойынша ХЭБ тиісті мәртебесін алуға көмектеседі.

Семинар Комиссия мен ХЭБ-тің 2022-2024 жылдарға арналған бірлескен қызметі жөніндегі бағдарламаны іске асыру шеңберінде өткізілді.

Анықтама

Дүниежүзілік жануарлар денсаулығын сақтау ұйымы (ХЭБ) - бүкіл әлемдегі жануарлардың денсаулығына жауапты үкіметаралық ұйым. ДСҰ референттік ұйымы ретінде танылған.

ХЭБ-тің басты міндеті - жануарлардың денсаулығы мен саламаттығын жақсарту, ветеринарлық денсаулық сақтау. 182 мемлекет, соның ішінде ЕАЭО елдері ХЭБ мүшесі болып табылады.

Ірі қара малдың боркемік тәрізді энцефалопатиясы (ІҚМ БЭ) – ұзақ инкубациялық (жасырын) кезеңі бар созылмалы ауру, оның диагностикасы, эпизоотиялық жағдаяттың мониторингі айтарлықтай ұйымдастырушылық күш-жігер мен материалдық шығындарды талап етеді. Бұл аурудың елде тіркелуі ІҚМ союдан алынған сиыр еті мен басқа да өнімдерді Одақтың басқа мемлекеттеріне өткізуді, сондай-ақ үшінші елдерге экспорттау мүмкіндігін (тыйым салуға дейін) күрт шектейді.

ЕЭК Кеңесінің 2017 жылғы 10 қарашадағы № 79 шешімімен бекітілген жануарлардың аса қауіпті, карантиндік және зооноздық аурулары ошақтарының профилактикасы, диагностикасы, оларды оқшаулау және жою кезіндегі ЕАЭО мемлекеттерінің өзара іс-қимыл тәртібін «Жануарлар аурулары бойынша елдің мәртебесі туралы халықаралық эпизоотиялық бюроның сертификаттарын алу кезіндегі уәкілетті органдардың өзара іс-қимылы» жаңа бөлімімен толықтыру жоспарлануда, соның ішінде онда семинар барысында алынған ақпарат та пайдаланылады.