Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында Еуразиялық «бестік» мемлекеттерінің басшылары ЕАЭО-ның мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын құрудың екінші кезеңіне көшу туралы шешім қабылдады. Бұл жоба Еуразиялық экономикалық одақ кеңістігіндегі интеграцияны тереңдетуді қамтамасыз ететіні сөзсіз.
ЕАЭО-ның мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын құрудың бірінші кезеңінің қорытындысы да іс жүзінде шығарылды: бұл кезеңнің барлық жоспарланған іс-шаралары орындалды. Мысалы, Одақ елдері уәкілетті органдарының электрондық нысанда ақпарат беру тәртібі бекітілді, мұнай және мұнай өнімдерінің іркіліссіз мемлекетаралық тасымалдануын қамтамасыз ету үшін мүше мемлекеттердің мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау жүйелерінің операторлары арасында технологиялық ақпарат алмасу механизмі келісілді. Одақ елдерінің мұнай саласындағы заңнамасына салыстырмалы талдау жүргізілді, оның нәтижелері бойынша жиынтық есеп дайындалды. Мүше мемлекеттердің мұнай саласындағы заңнамасын үндестіру жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді. Комиссия бүкіл жұмысты Одақ елдерімен бірлесіп жүргізді.
ЕАЭО-ның мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын құрудың барлығы үш кезеңі жоспарланған.2018 жылдан бастап 2021 жылға дейінгі аралық, бұдан кейін 2021 жылдан бастап 2024 жылға дейінгі аралық. Қорытынды үшінші кезеңде - 2025 жылдың 1 қаңтарына дейін ЕАЭО-ның мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастыру туралы халықаралық шарттың күшіне енуі көзделген. Бұл құжатта ортақ нарықтарды құрудың және жұмыс істеуінің түйінді мәселелері көрсетілуге тиіс. Шарт жобасы да дайындалып қойды, елдер қазір оның жай-жапсарын нақтылауда.
Мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын іске қосудан күтілетін нәтиже жеткізілімдер көлемін арттырудан, тасымалдау кезінде логистиканы оңтайландырудан, мұнайды өңдеу мен мұнай өнімдері өндірісі көлемдерін арттырудан көрінуі мүмкін.