Жаңалықтар

01.10.2024

Үкімет басшылары алдағы үш жылға арналған көлік жол картасын бекітті

Еуразиялық үкіметаралық кеңес 1 қазанда Ереванда өткен отырыста Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің 2024 – 2026 жылдарға арналып үйлестірілген (келісілген) көлік саясатын іске асырудың негізгі бағыттары мен кезеңдерін іске асыру жөніндегі жол картасын бекітті.

Жол картасы Еуразиялық экономикалық комиссия мен көлік саласындағы уәкілетті органдардың негізгі стратегиялық құжатты – Көлік саясатын іске асырудың негізгі бағыттары мен кезеңдерін практикалық қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен шараларын айқындайды.

Жол картасының іс-шаралары көлік саласындағы интеграциялық процестерді дәйекті түрде тереңдетуге, атап айтқанда Одақта бірыңғай көлік кеңістігін және көлік қызметтерінің ортақ нарығын қалыптастыру мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған.

Құжатты дайындау кезінде сарапшылар қазіргі жағдайларда автомобиль, темір жол, әуе және су көлігінің даму ерекшеліктеріне және оларды реттеуді жақындату мүмкіндігін, сондай-ақ көлік қызметінің жалпы салалық аспектілерін бағалауға сүйенді.

Құжатқа ЕАЭО елдерінің аумақтарында «Шығыс – Батыс» және «Солтүстік – Оңтүстік» бағыттарында көлік инфрақұрылымының «тар жерлерінің» тізбесін қалыптастыру және оларды жою жөнінде ұсыныстар әзірлеу сияқты маңызды іс-шаралар кірді. Бұдан басқа, елдер көлік саласында қағаз жеткізгіштегі құжаттарды пайдаланудан бас тартуды және электрондық деректер алмасуға көшуді қоса алғанда, ЕАЭО-ға электрондық көлік құжаттарын енгізу үшін Одақтың құқығын және мүше мемлекеттердің заңнамасын жетілдіруді жоспарлап отыр.

Құжатқа елдермен келісілген, 2024-2026 жылдары іске асыруға жататын іс-шаралардың барлығы 33 тармағы енгізілген. Олар 2018-2020 және 2021-2023 жылдардағы алдыңғы үш жылдық жол карталарының логикалық жалғасы болып табылады.

Сондай-ақ, үкімет басшылары Комиссияға және тараптарға көлік интеграциясының бірқатар маңызды бағыттары бойынша, атап айтқанда әуе көлігі және кадрлық әлеуетті дамыту мәселелері бойынша консультацияларды жалғастыруды және қосымша пысықтаудан кейін келісілген іс-шараларды Үкіметаралық кеңестің қарауына енгізуді тапсырды.

Бұл жұмыс 2025 жылғы 1 ақпанға дейін жүргізілуге тиіс. Қосымша іс-шараларды пысықтау Үкіметаралық кеңестің өкімімен бекітілген 2024-2026 жылдарға арналған жол картасының толыққанды іске асырылуын тежемейді.