Жаңалықтар

30.08.2023

ЕЭК Кеңесінің 2023 жылғы 29 тамыздағы отырысының қорытындылары

Мәскеуде 29 тамызда Ресей Федерациясы Үкіметі Төрағасының орынбасары Алексей Оверчуктың төрағалық етуімен, ЕЭК Кеңесі мүшелерінің және ЕЭК Алқасының Төрағасы Михаил Мясниковичтің қатысуымен Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің отырысы болып өтті. Күн тәртібіне 40-тан астам мәселе енгізілді.

Отырыс барысында ЕАЭО мемлекеттері Үкіметтері басшыларының орынбасарлары Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде банк кепілдіктерін өзара тану туралы келісімге қол қойды. Келісім ЕАЭО-ның ішкі нарығындағы шектеулердің бірін — Одақ елдерінде мемлекеттік сатып алу кезінде банк кепілдіктерін өзара танудың болмауын жояды. Құжат Одақтың басқа мемлекеттерінде мемлекеттік сатып алу кезінде танылатын банктерге қойылатын бірыңғай талаптарды, осындай банктердің тізбесін қалыптастыру жөніндегі тәсілдемелерді, сондай-ақ берілген банк кепілдіктерінің тізілімін жүргізу тәртібін айқындайды.

ЕЭК Кеңесі полиэтилен немесе полипропилен (ЕАЭО СЭҚ ТН 5407 20 190 0 коды) текті жалпақ немесе ұқсас жіптерден жасалған маталардың жекелеген түрлеріне қатысты кедендік әкелу бажын нөлге түсіру туралы шешім қабылдады. Шараның қолданылу мерзімі екі жылды құрайды, қазіргі уақытта баж ставкасы 8% мөлшерінде белгіленген.

ЕЭК Кеңесі "Тағамдық қоспалар, хош иістендіргіштер мен технологиялық көмекші құралдар қауіпсіздігінің талаптары" техрегламентіне өзгерістер енгізу туралы шешім қабылдады.

Комиссия Кеңесі тасымалдардың қадағалану кезеңіне арналған навигациялық пломбада қамтылуға тиіс мәліметтердің құрамын бекітті. Тізбеге экспорт пен импортқа арналған лицензиялардан, жекелеген тауарларды әкелуге, әкетуге және транзитіне рұқсат беру құжаттарынан мәліметтер, ветеринариялық және фитосанитариялық сертификаттардан мәліметтер және басқалар енгізілген. Сондай-ақ навигациялық пломбада қамтылатын ақпаратты қорғаудың бірыңғай шаралары айқындалды. Навигациялық пломбаларды қолдану тасымалдардың ашықтығын қамтамасыз етуге және бақылау іс-шараларын барынша азайтуға мүмкіндік береді.

Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі өз отырысында Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінің зергерлік өнім өндірушілер брендтерін үшінші елдердің нарықтарына ілгерілету туралы ұсынымды мақұлдады.

Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі ЕАЭО-ның"Тасымалдауға және (немесе) пайдалануға дайындалған мұнайдың қауіпсіздігі туралы" техникалық регламентіне өзгерістер енгізді, оны мұнай паспортының бірыңғай нысанымен әрі техникалық регламентте болуы көзделген толтыру қағидаларымен толықтырды.

Комиссия Кеңесі Кеден одағының "Ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы тракторлары мен олардың тіркемелерінің қауіпсіздігі туралы" техникалық регламентіне өзгерістер енгізді.

ЕЭК Кеңесінің келесі отырысы 27 қыркүйекте өтеді деп жоспарланды.