Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы 27 маусымда Еуразиялық экономикалық одақта жедеғабыл-жүктерге арналған электрондық кедендік декларацияларды (құжаттарды) қалыптастыру үшін пайдаланылатын құрылымның жаңа нұсқасын бекітті: тауарларға арналған декларация, жолаушылар кедендік декларациясы және оларды түзету.
Бекітілген құрылым 2023 жылғы 1 қазаннан бастап жедеғабыл-жүктер үшін декларацияларды толтыру тәртібіне қатысты, оның ішінде сыртқы электрондық сауда саласында жүргізіліп жатқан пилоттық жоба аясында ағымдағы жылдың наурыз және маусым айларында қабылданған бірқатар нормативтік жаңалықтарды іс жүзінде цифрлық өрісте іске асыруға мүмкіндік береді.
«Біздің мамандар әзірлеген құрылымның жаңартылған нұсқасы функционалдық шешімдер кешенінің бір реттік техникалық іске асырылуын қамтамасыз етеді. Атап айтқанда, біз кеден қоймасының кедендік рәсімімен орналастырылған электрондық сауда тауарларын бақылаудан автоматтандырылған түрде алу туралы, жеке пайдалануға арналған жедеғабыл-жүктерді қашықтан шығару технологиясын неғұрлым тиімді іске асыру туралы, алдын ала кедендік декларациялау жағдайларын қоса алғанда, жедеғабыл-жүктерге арналған кедендік декларацияларда бұрын мәлімделген мәліметтерді түзету мүмкіндігі туралы айтып отырмыз», - деп атап өтті ЕЭК Кедендік ынтымақтастық жөніндегі министрі Эльдар Алишеров.
Жаңа құрылым кеден органдарының лауазымды тұлғаларын қатыстырмай кедендік бақылауды жүргізуді барынша қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, бұл сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшін кедендік операцияларды жүргізуді жеделдетеді және оңайлатады.
Қабылданған акт кедендік ақпараттық жүйелерді уақытылы, нәтижелі жетілдіру және жаңарту жөніндегі Комиссияның кеден блогының дәйекті жұмысының нәтижесі болып табылады, ол кедендік операцияларды жасау қызметін автоматтандыруды кеңейту мақсатында жүргізіледі.
Анықтама
ЕЭК Алқасының 2019 жылғы 22 қаңтардағы № 9 шешімімен жедеғабыл-жүктерге арналған тауарлардың декларациясының, жедеғабыл-жүктерге арналған жолаушылар кедендік декларациясының, жедеғабыл-жүктерге арналған тауарлар декларациясын түзетудің және жедеғабыл-жүктерге арналған жолаушылар кедендік декларациясын түзетудің құрылымы мен форматы бекітілді.
Сыртқы электрондық сауда саласындағы пилоттық жоба (эксперимент) Комиссия Кеңесінің 2021 жылғы 5 сәуірдегі № 7 өкіміне сәйкес Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде жүргізіледі.