Жаңалықтар

03.10.2022

Максат Мамытканов ЕАЭО елдеріндегі әріптестерімен кеден әкімшілігін жүргізу мәселелерін талқылады

ЕЭК Кедендік ынтымақтастық жөніндегі министрі Максат Мамытканов Одақ мемлекеттері кеден қызметтерінің біріккен алқасының мүшелерімен Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексін өзгерту перспективаларын, ЕАЭО елдерінде уәкілетті экономикалық оператор институтын дамытуды, кедендік транзит рәсімдерін жетілдіруді, кедендік операцияларды жетілдіруге орайлас бірыңғай тәсілдемелер тұжырымдауды, мүше мемлекеттердің кеден органдары арасындағы ақпараттық өзара іс-қимылды және басқа бірқатар мәселені талқылады.

Қаралған күн тәртібінің өзектілігі трансшекаралық алып өтудің артуына және кеден әкімшілігін жүргізуде заманауи ақпараттық технологияларды қарқынды қолдану қажеттігіне негізделген.

"Біріккен алқа және ол қабылдайтын шешімдер – одақтық құқықты жаңғырту тұрғысынан маңызды құрал. Өйткені біздің алдын ала ескерту және кеден заңнамасын бұзушылықтың жолын кесу саласындағы өзара іс-қимылымыз біркелкілікке мұқтаж. Бүгінде цифрлық көлік дәліздерін ұйымдастыру мен электрондық навигациялық пломбаларды қолдана отырып кедендік транзиттың бірыңғай жүйесін құру түйінді міндет болып отыр",- деп атап көрсетті Максат Мамытканов.
Анықтама

ЕАЭО мемлекеттері кеден қызметтерінің біріккен алқасының отырысы тоқсан сайын өткізіледі. Оның қызметінің басты тыянақтары - кеден ісі саласында басымдықты бағыттарды айқындау, Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің кеден ведомстволарының кеден саясатының негізгі қырлары бойынша практикалық өзара іс-қимылын үйлестіру болып табылады.