тексттин өлчөмү: A A A
Сайттын түстөр: C C C
Сайттың әдеттегі болжамы
Выберите язык
Жаңалықтарды «кк.аа.жжжж» форматында көргіңіз келетін күнді көрсетіңіз, мысалы, 01.01.2017
 

Іздеу нәтижелері: 6658

20 маусымның 2025 Андрей Слепнев ПХЭФ-2025 сессияларында электрондық сауданы дамыту мәселелері мен көп полярлы әлемдік экономиканың сын-қатерлері бойынша сөз сөйледі 20 маусымда Еуразиялық экономикалық комиссияның Сауда жөніндегі министрі Андрей Слепнев Петербург халықаралық экономикалық форумы-2025 шеңберіндегі "Трансшекаралық электрондық сауда: жаңа қағидаларды іске қосу" сессиясында сөз сөйледі. "Біз Одақтағы электрондық сауданы реттеушілік туралы айтқан кезімізде екі тақырыпты талқылаймыз, олар: мүше мемлекеттер арасындағы ішкі электрондық сауда және үшінші елдермен сыртқы электрондық сауда", — деп еске салды ол. ЕЭК министрі сыртқы электрондық сауда бөлігінде баждар мен салықтар төленбеген және техникалық реттеу ережелері сақталмаған кезде ішкі бөлшек саудагерлер мен алыс "трансшекараның" қызметі үшін тең емес жағдайлар Кеден кодексіне түзетулерді ратификациялау аяқталғаннан кейін көп жағынан кететінін атап өтті. "Біздің ішкі реттеушілігімізге келетін болсақ, ЕАЭО-дағы тауарлармен электрондық сауда туралы келісім жобасында жақсы реттелген ұлттық және трансұлттық алаңдардың арақатынасы мәселесі бар. Онда кемсітпеушіліктің селлер, өнім және алаң бойынша маңызды үштігі бар", — деді Андрей Слепнев. Оның сөзінше, Келісімнің міндеті бизнеске құжаттарды цифрландыру, тағайындалған ел бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғау, ЕАЭО-ға мүше әртүрлі мемлекеттің сатушылары, маркетплейстері мен сатып алушыларын қамтитын тауарды өткізудің Одаққа тән схемасының келісілген жұмысы тұрғысынан үздік жағдайлар ұсыну болып табылады. Андрей Слепнев Одақтың үшінші елдермен преференциялы сауда келісімдерін ашатын артықшылықтарға бөлек тоқталды. Ол барлық әріптестер шағын және орта бизнес тауарларының экспортын ілгерілетуге мүмкіндік беретін электрондық сауда мәселелері бойынша ынтымақтасуға дайын екенін атап өтті. Сондай-ақ, осы күні ЕЭК сауда блогының басшысы "Көп полярлы экономиканы қалыптастыру: Ресей мен Еуразияның рөлі және орны" сессиясына қатысып, қазіргі уақытта әлемдік саясат экономика мен сауданың трансформациясын айқындайтынын атап көрсетті. Мұны цифрлар жақсы бейнелейді: егер 2021 жылы ЕАЭО саудасындағы батыс елдерінің үлесі 58% құраса, 2024 жылы 18% құрады. Осы уақыт ішінде БРИКС елдері мен Түркия үшін ол 30%-дан 56%-ға дейін өсті. Бұл орайда Еуразиялық экономикалық одақ преференциялы сауданың жоғары әлеуетін көрсетіп отыр. Осыған байланысты Андрей Слепнев Индонезиямен еркін сауда туралы келісім жасасу мәселесін қозғады: "Кеше біз халқы 280 миллион адамнан асатын Оңтүстік Шығыс Азияның осы ірі елімен субстантивті келіссөздерді аяқтадық. Бізде екі апта ішінде шешілетін бірқатар техникалық мәселе қалды. Сонымен, осы жылдың соңына дейін Индонезиямен келісімге қол қоюдың барлық мүмкіндігі бар". 
20 маусымның 2025 Андрей Слепнев: "Нарықтық-фискалдық жүйені климаттық жобалардың нәтижелерін есепке алу жолымен көміртегі ізін өтеу қағидаты бойынша құруға болады" Еуразиялық экономикалық комиссияның Сауда жөніндегі министрі Андрей Слепнев мұндай пікірді ЕЭК Петербург халықаралық экономикалық форумы-2025 шеңберінде өткізген "Халықаралық сауда және климаттық реттеу: БРИКС, ШЫҰ, ЕАЭО және АТЭЫ үшін бөгеусіз шешімдер" сессиясында айтты. "Жүйе көміртегі ізін растауға және оның өтемақысына негізделуі мүмкін, бұл индустрияландырылған экономика үшін шығындардың артуын және климаттық жобаларды іске асыру жолында үлкен мүмкіндігі бар дамушы елдер үшін мұндай шығындардың төмендеуін білдіреді", – деп түсіндірді ЕЭК министрі. Андрей Слепнев атап өткендей, климат саласындағы ұлттық реттеу сауда тосқауылына айналмауы үшін үлкен халықаралық үйлестіру қажет. ЕАЭО жағдайында "Еуразиялық экономикалық жол" декларациясында қажетті шаралар көзделген. Солардың арқасында климаттық күн тәртібі экономикалық дамудың тежегіші емес, драйвері болуы керек. Сондай-ақ, ЕЭК министрі "Энергетикалық сектор капиталы: дамушы елдер үшін тиімді шешімдерді іздеу" сессиясына қатысты, онда тек жасыл жобаларға, нетто-нөлдік шығарындылары бар жобаларға және транзиттік/өтпелі технологияларға инвестициялардың ақылға қонымды үйлесімі ғана технологиялық трансформацияны да, экономикалық өсудің лайықты қарқынын да қамтамасыз ете отырып, ұтымды тәсілдемені қалыптастыра алатынын атап көрсетті. Форум аясында Андрей Слепнев Тунис Республикасының Экономика және жоспарлау министрі Самир Абдельхафидпен екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты талқылады. Еске сала өтсек, 2025 жылдың қаңтарында тараптар ЕАЭО-ның Туниспен еркін сауда туралы келісімін жасасудың орындылығын зерделеу бойынша бірлескен зерттеу тобын құрған еді. Бұдан басқа, ЕЭК сауда блогының басшысы "Озон холдингінің" бас директоры Дмитрий Киммен және "Wildberries" негізін қалаушы Татьяна Киммен кездесулер өткізді, онда ЕАЭО-да электрондық сауданы реттеу, сондай-ақ маркетплейстердің жаңа перспективалы шетелдік нарықтарға шығуы тақырыптары қозғалды.
20 маусымның 2025 Бақытжан Сағынтаев: "Комиссия ЕАЭО елдері экономикасының нақты секторын дамыту үшін жақсы жағдайлар жасауға ұмтылуда" Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы Бақытжан Сағынтаев 20 маусымда XXVIII Петербург халықаралық экономикалық форумының пленарлық отырысының жұмысына қатысты. Комиссия Алқасының басшысы сондай-ақ "ЕАЭО экономикасының нақты секторының синергиясы — қазіргі заманның шақырыстарына жауап" сессиясында сөз сөйледі. Бақытжан Сағынтаев өз баяндамасында нақты сектор тауарлар мен көрсетілетін қызметтер өндірісін, халықты жұмыспен қамтуды және орнықты дамудың негізін қамтамасыз ете отырып, Еуразиялық экономикалық одақтың әрбір елінің экономикасында маңызды рөл атқаратынын атап көрсетті. "2024 жылы Одақта өнеркәсіп өндірісінің көлемі 4,5% өсті. ЕАЭО елдері арасындағы өзара жеткізілімдер 8,1%, негізгі капиталға салынған инвестициялар 7,5% өсті", — деп хабарлады Бақытжан Сағынтаев. ЕАЭО шеңберінде өнеркәсіптік кооперацияны үдемелі дамыту үшін Өнеркәсіптік ынтымақтастықтың 2030 жылға дейінгі негізгі бағыттары айқындалды. "Негізінен кәсіпорындардың кооперациялық байланыстарын дамытуға, соның ішінде ғылымды қажетсінетін бірлескен өндірістерді оқшаулау арқылы дамытуға баса назар аударылады", – деп атап өтті ЕЭК Алқасының басшысы.  Қорытындылай келе, Бақытжан Сағынтаев бірқатар міндеттерді айқындап көрсетті, олардың шешімі Одақ елдері экономикасының нақты секторын дамыту және өзара әрі сыртқы сауда көлемін ұлғайту үшін қажетті жағдайлар жасауға ықпал ететін болады. ЕЭК Алқасының басшысы атап көрсеткендей, Одақтың серпінді дамуын қамтамасыз ету жөніндегі ортақ күш-жігердің негізіне Еуразиялық интеграциялық бірлестікке қатысушы әрбір елдің басымдықтары салынған. Бұл экономиканың өсуі, жұмыс орындарын құру, инвестициялар тарту, технологиялық даму, ЕАЭО елдері өнімдерінің халықаралық нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру.
20 маусымның 2025 Гоар Барсегян: "Еуразиялық технологиялық платформалар айтарлықтай интеграциялық әлеуетке ие" Еуразиялық экономикалық комиссияның Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі министрі Гоар Барсегян Петербург халықаралық экономикалық форумының "Шамшырақ зауыттар: ЕАЭО өнеркәсібі үшін озық шешімдер" панельдік сессиясында сөз сөйледі. Іс-шара Еуразиялық экономикалық одақта жоғары технологиялық салаларды дамытуға арналды. Қатысушылар инновациялық жобаларды іске асыруды, жасанды интеллект пен робототехника негізінде жаңа кәсіпорындар құруды, сондай-ақ өңірдегі технологиялық даму перспективаларын талқылады. "Технологияларды дамыту жөніндегі міндеттерді іске асыру мақсатында Еуразиялық экономикалық одақта Одақ елдерінің айтарлықтай интеграциялық әлеуетке ие технологиялық және инновациялық қызметін үйлестіру құралы — Еуразиялық технологиялық платформалар құрылды", — деп атап көрсетті Гоар Барсегян. ЕЭК министрі сессияға қатысушыларды Комиссияның мүше мемлекеттермен бірлесіп "Өнеркәсіптік робототехника" мемлекетаралық бағдарламасын әзірлей отырып, жаңа "Робототехника" технологиялық платформасын құру жолындағы жұмысы туралы хабардар етті. Бастама бірінші кезекте цифрлық технологияларды дамытуға және Одақ елдерінің өнеркәсіптік кешендеріне ендіруге бағытталған. "Қазіргі заманғы әлемде цифрлық технологияларсыз өнеркәсіпті дамыту мүмкін емес. Біз осы бағытқа көп көңіл бөлеміз, "Өнеркәсіп" цифрлық порталын құру бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Ол кооперациялық өндірістік тізбектерді қалыптастыру және бизнесті қолдау бойынша тиімді құрал болады", — деп атап өтті Гоар Барсегян.  
20 маусымның 2025 ЕАЭО-ның ортақ нарығында дәрілік заттарды тіркеу рәсімдері оңайлатылды 21 маусымда Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі бекіткен Медициналық қолдануға арналған дәрілік заттарды тіркеу және сараптау қағидаларына өзгерістер күшіне енеді. "Бұл өзгерістер Еуразиялық экономикалық одақта дәрілерді тіркеудің бірыңғай тәсілдемесіне көшуді аяқтаудың маңызды қадамы болып табылады. Біз өндірушілер үшін әкімшілік тосқауылдарды барынша азайтуға және сонымен бірге сапалы және қауіпсіз препараттар алуға тиіс пациенттердің мүдделерін қорғауға тырысамыз", — деп атап өтті ЕЭК Техникалық реттеу жөніндегі министрі Валентин Татарицкий. Жаңа ережелер Одақ елдеріндегі тіркеу процестерін үндестіруге, ЕАЭО талаптарына сәйкес келтіру рәсімі бойынша жұмыстарды аяқтауға және пациенттердің дәрілерге үздіксіз қол жеткізуіне бағытталған. Өзгерістер дәрілік препараттардың тіркеу дерекнамасын ЕАЭО талаптарына сәйкес келтіру, тіркеу рәсімдері барысында бастамашылық жасалған өндірушілердің фармацевтикалық инспекцияларын жүргізу рәсіміне қатысты. Сондай-ақ, ЕАЭО-ны реттеуге көшу жөніндегі жұмыстарды жеделдету үшін өзара тану рәсімдерін бір мезгілде орындауға және дәрілік препараттың тіркеу дерекнамасына өзгерістер енгізуге шектеулер алып тасталды.
20 маусымның 2025 Петербург халықаралық экономикалық форумында АӨК-тегі стратегиялық әріптестік талқыланды Петербург халықаралық экономикалық форумындағы Ресей – Армения бизнес-диалогы барысында Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі агроөнеркәсіптік кешендегі ұзақ мерзімді және өзара тиімді ынтымақтастықтың мүмкіндіктері бағаланды. "Одақтың азық-түлікпен қамтамасыз етілу деңгейі 92%-ға жетті, бұл оның экономикалық орықтылығын растайды. Бұл ретте мүше мемлекеттер ортақ аграрлық нарықтың тұрақтылығын күшейте алатын сегменттер қалады", — деп мәлімдеді Еуразиялық экономикалық комиссияның Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі министрі Гоар Барсегян. Бәсекеге қабілеттілікті арттыру, саланың орнықты экономикалық өсуі үшін жағдай жасау және тиімді жеткізу тізбегін құру мақсатында Комиссия бизнеспен өзара іс-қимыл жасай отырып, агроөнеркәсіптік кешенге кооперациялық жобаларды қаржыландыру механизмін кеңейту бойынша жұмыс істеуде. ЕЭК министрінің сөзінше, селекция және тұқым шаруашылығы, мал шаруашылығы, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, сондай-ақ АӨК инфрақұрылымы сияқты салаларда іске асыру үшін перспективалы бағыттар анықталды. "Мұндай қаржы құралын құру экономиканың нақты секторының бастамаларын қолдау үшін Одақтың ортақ нарығының ауқымын іске қосуға, елдеріміздің технологиялық және өндірістік құзыреттерін пайдалануға мүмкіндік беретін маңызды практикалық қадам болып табылады", – деп атап өтті Гоар Барсегян. 10 жыл ішінде ЕАЭО елдерінде ауыл шаруашылығы өнімінің өндірісі 25%–дан астам, өзара сауда екі есе (16 млрд долларға дейін) өсті. Армения ЕАЭО-ға кірген сәттен бастап агроөнімдерді жеткізу, әсіресе көкөніс, жеміс және өңделген өнім санаттарында төрт еседен астам өсті.
20 маусымның 2025 ПХЭФ-2025: ЕАЭО мен Еуропаның кеден саласындағы ынтымақтастығының ықтимал жолдары талқыланды XXVIII Петербург экономикалық форумы шеңберіндегі "Еуропамен диалогтар: болашақ мүмкін бе?" сессиясында Еуразиялық экономикалық одақ пен Еуропалық одақ арасындағы кеден саласындағы ынтымақтастықтың ықтимал перспективалары талқыланды. Іс-шараға Еуразиялық экономикалық комиссияның Кедендік ынтымақтастық жөніндегі министрі Руслан Давыдов қатысты. "Соңғы үш жылда батыстық санкциялардың салдарынан ЕО-ның ЕАЭО сыртқы саудасындағы үлесі екі еседен астам қысқарды және кеткен Еуропалық компаниялардың орнына әлемнің басқа бөліктерінен олардың бәсекелестері келді", — деп атап өтті Руслан Давыдов. Сонымен қатар, ол кеден құрылымдарының әлі де Дүниежүзілік кеден ұйымының "Шекара ажыратады – кеден біріктіреді" ұранын басшылыққа алған жөн болатынын атап көрсетті. ЕЭК министрі әлемдік кеден қоғамдастығының жалпы міндеттеріне кедендік рәсімилеуді оңайлату, шекарадан өтуді жеделдету, кеден органдарының қызметін цифрландыру кіретінін еске салды. Бұл мәселелердің барлығы Дүниежүзілік кеден ұйымында, БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясында және басқа да көпжақты форматтарда талқыланады. Руслан Давыдов іскер қоғамдастық өкілдерін, соның ішінде Еуропалық бизнестің мүдделерін білдіретін өкілдерді Еуразиялық экономикалық комиссия қызметі шеңберінде консультативтік органдардың алаңдарында кеден саласындағы өзекті мәселелерді кешенді қарауға белсендірек қатысуға шақырды.
20 маусымның 2025 Руслан Давыдов: "Таңбалау мен навигациялық пломбалар – ЕАЭО нарығын "ақтау" құралы" Еуразиялық экономикалық одақта таңбалау жүйесінің дамуы, нарықты қорғаудың іске асырылып жатқан және перспективалық шешімдері туралы Еуразиялық экономикалық комиссияның Кедендік ынтымақтастық жөніндегі министрі Руслан Давыдов ПХЭФ-2025 іскерлік бағдарламасы шеңберінде өткен "Таңбалаудың әлеуметтік әсері: сенім, қауіпсіздік, өмір сапасы" сессиясында айтып берді. ЕЭК министрінің сөзінше, таңбалау және навигациялық пломбалар сияқты цифрлық құралдарды тиімді кешенді қолдану, сондай-ақ бақылаушы органдар арасында деректермен неғұрлым толық алмасу Одақтың кедендік аумағына әкелінген сәттен бастап түпкі тұтынушыға дейінгі тауарлар қозғалысының ашықтығын қамтамасыз етеді және өнімнің заңсыз айналымының үлесін азайтуға мүмкіндік береді. Шын мәнінде, бұл — ЕАЭО нарығын "ағарту" құралдары. Руслан Давыдов Еуразиялық экономикалық комиссия мүше мемлекеттермен бірлесіп одақтық кедендік шекарадағы өткізу пункттерін — Одақ нарығына шетелдік тауарлардың "кіру" нүктелерін жайластыру мен техникалық жарақтандыруға қойылатын талаптарды біріздендіру бойынша жұмыс істеп жатқанын еске салды. "Өткізу пункттері цифрландыру мен әлемдік озық практиканы ескере отырып, заттар интернеті сияқты серпілісті технологияларды қолдану негізінде жарақтандырылуға және жаңғыртылуға тиіс", — деп атап өтті Комиссияның кеден блогының басшысы. Пікірсайысқа қатысушылар таңбалаудың оң әсері айқын, ал оны қолданудың кеңеюі ЕАЭО-да өмір сүру сапасын арттырады деген пікірге келісті.
Тағы да көрсету