Жаңалықтар

23.08.2024

"Жасыл Еуразия" конкурсының жеңімпаздары мен финалистерін марапаттау Ереванда болатын Еуразиялық экономикалық форум аясында өтеді

22 тамызда Еуразиялық экономикалық комиссия алаңында "Жасыл Еуразия" екінші халықаралық климаттық конкурсы төралқасының отырысы болып өтті. Отырыс "Жаңа жобаларды ілгерілету жөніндегі стратегиялық бастамалар агенттігі" АКҰ бас директоры Светлана Чупшева мен ЕЭК Сауда жөніндегі министрі Андрей Слепневтің төрағалығымен өтті.

Отырыс барысында төралқа мүшелері 15 аталым бойынша жеңімпаздар мен финалистерді айқындап, климаттық митигация мен бейімделу бойынша неғұрлым тиімді практикасы бар өтінімдерді атап өтті. Сондай-ақ, "Еуразиялық перспективаның" өтпелі санатындағы жеңімпаз таңдалды, онда халықаралық кооперациялық құрамдастың болуы қосымша бағаланды.

"Жасыл Еуразия" әріптестері — "Газпромбанк", "Промсвязьбанк" және Мельниченко қоры — жобаларды өздерінің арнайы аталымдарында атап өтті.

"Конкурс жеңімпаздары мен финалистерін марапаттау Еуразиялық экономикалық форум аясында өтеді, форумды 30 қыркүйектен 1 қазанға дейін Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің Үкімет басшыларының қатысуымен Ереванда өткізу жоспарланған",-деп хабардар етті Андрей Слепнев.

Министр екінші рет өткізіліп отырған климаттық конкурсқа деген қызығушылықтың артып келе жатқанын оң бағалады. Оның пікірінше, бұл климат тақырыптамасының өзектілігін тағы да көрсетіп отыр. Бұл ретте беделді арттырып, кележақ қызметті ынталандыру үшін қоғамдық бағалау мен тану әрқашан маңызды, деп атап көрсетті Андрей Слепнев.

"Өткен жылы біз ЕАЭО мемлекеттері арасында алғаш рет "Жасыл Еуразия" халықаралық конкурсын өткіздік. Белсенді үнқосым бізге қатысушылардың географиясын әлемнің барлық еліне қарай кеңейту туралы шешім қабылдауға мүмкіндік берді. Биыл біз Қытай, Мысыр, Иран, Индонезия, Камерун, Түрікменстан, Өзбекстан, Әзербайжанды қоса, 12 елден 300-ден астам практика алдық", — деп атап өтті Светлана Чупшева осыған байланысты.

Ол "Жасыл Еуразия" конкурсы ынтымақтастықты нығайту және Еуразия кеңістігінде бәсекеге қабілетті экологиялық әрі климаттық технологиялардың қолжетімділігін арттыру үшін тағы бір тірек нүктесі болады деп сенім білдірді.