Еуразиялық экономикалық комиссияның Сауда саясаты департаменті директорының орынбасары Нұргүл Айтбаева "БРИКС-тің қазіргі заман жағдайындағы климаттық күн тәртібі" форумына қатысып, Париж келісімінің мақсаттарына қол жеткізуде ерікті көміртегі бірліктері нарығының әлеуетті үлесі және көміртегі бірліктерін трансшекаралық пайдалану үшін қолайлы жағдайлар жасау қажеттігі туралы айтты.
Ол "БРИКС елдерінің жалпы ерікті көміртегі нарығының әлеуеті мен мүмкіндіктері" сессиясында сөйлеген кезінде: "Ерікті нарықтың тең емес әрі ашық емес жағдайлары адал қатысушыларды тарта алмайды және шығарындыларды азайту үшін кооперацияның мультипликациялық нәтижесін кемітеді", – деп атап көрсетті.
Сондай-ақ, ерікті нарықтың нақты және түсінікті қағидаларын дамыту, соның ішінде жобалық әдіснамаларды, халықаралық және өңірлік стандарттарды әзірлеу көміртегі бағасын тұрақтандыруға ықпал етуі мүмкін екендігі атап өтілді.
Нұргүл Айтбаева Еуразиялық экономикалық одақта климаттық күн тәртібін іске асыруға жеке тоқталды. Тиісті жұмыс ЕАЭО елдері Үкімет басшыларының 2024 жылғы 4 маусымдағы тапсырмасына негізделген. Құжатта қызметтің бес басым бағыты: кооперациялық төмен көміртегі жобаларын іске асыру үшін, соның ішінде мемлекетаралық стандарттарды әзірлеу арқылы жағдайлар жасау; көміртегін реттеу саласында валидация және верификация органдарын аккредиттеуге қойылатын келісілген тәсілдемелерді қалыптастыру; тарифтік-фискалдық ынталандыру шаралары бойынша ұсыныстар әзірлеу; ұлттық климаттық реттеуден туындаған сауда-экономикалық тосқауылдарға жол бермеу жөнінде ұсыныстар дайындау; климаттың өзгеруіне бейімделу шеңберінде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің позицияларын жақындастыру жөнінде ұсыныстар әзірлеу айқындалған.