Жаңалықтар

16.06.2022 (Обновлено: 28.06.2022 14:14)

Сергей Глазьев: «Өсудің қолда бар резервтерін ішкіодақтық кооперацияны өсіре түсуге конверсиялау қажет»

Санкцияларға орай жағдаят интеграциялық процестерді тездете түседі, ЕАЭО-ның ішкі ресурстарын жандандырады және Одақтың ТМД-мен және Одақтық мемлекеттермен ынтымақтастығын сапалық жаңа кезеңге көшіреді. Бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссияның Интеграция және макроэкономика жөніндегі министрі Сергей Глазьев 16 маусымда Петербург халықаралық экономикалық форумы шеңберіндегі «Интеграцияның дамуы үшін: жаңа көкжиектер» тақырыптық сессиясы барысында мәлімдеді.

«Ағымдағы жылы ЕАЭО-ның ЕАЭО мүшесі болып табылмайтын ТМД мемлекеттерімен саудасының қарқынды өсуін атап өтеміз (60%, 2021 жылы — 30%), бірақ оның Одақтың сыртқы сауда айналымындағы үлес салмағы әлі де жеткіліксіз және экономикалардың қажетті байланысын қамтамасыз етпейді. Бұл Еуропа тауар нарығындағы тосқауылдарды іс жүзінде көтерген жағдайда резервтердің бар болуын көрсетеді. ЕО-мен үзілген кооперациялық тізбектерді тиімді өтеу үшін Еуропалық компаниялар Ресей мен Беларусь нарықтарынан кеткеннен кейін пайда болған алып тауар тауашасын толтыру мақсатында Одақ ішіндегі кооперацияны арттыру үшін жағдайлар жасау қажет. Тауарлар өндірісін бір жарым еседен астам ұлғайту мүмкіндігі бар», — деп атап өтті Сергей Глазьев.

Ол сондай-ақ бірқатар тар орындарды көрсетті. Бірінші кезекте, бұл өзара сауда мен одақішілік кооперацияны кеңейту үшін инвестицияларды кредиттеудің жаңа институттарын құру, сондай-ақ даму институттарының қуатын ұлғайту қажеттігі. Екіншіден, бұл қаржы нарығы. «Ұлттық валюталарға көшуді жандандыру маңызды, олармен есеп айырысу биыл 80-85%-ға дейін өсуі мүмкін. Біздің тауарлық кеңістігіміз үшін әлдеқайда күрделі міндет бар – ол сыртқы манипуляциядан қорғалған тұрақты баға белгілеу жүйесін құру», — деп мәлімдеді ЕЭК министрі. 


Сергей Глазьев таяудағы уақытта, атап айтқанда, биржалардың ақпараттық жүйелерін біріктіруді және ұлттық валюталарда бағаларды номинациялауды бағамдайтын ЕАЭО-ның ортақ биржалық нарығын қалыптастыру тұжырымдамасы ұсынылатынын айтты. «Күн тәртібінде – ұлттық валюталар қоржынына және биржалық тауарларға негізделетін жаңа орнықты есеп айырысу валютасына көшу, сондай-ақ өзіндік тұрақты баға белгілеу жүйесін құру мәселесі тұр. Мұндай қағидаттар негізінде ЕАЭО-да ғана емес, ШЫҰ кеңістігінде де жұмыс істеу қажет», — деп түйіндеді ЕЭК министрі.

Сергей Глазьев сондай-ақ Комиссияның өңірдің қарымды ұйымдарымен – ТМД, ШЫҰ және Беларусь пен Ресейдің Одақтық мемлекетімен диалог үшін инфрақұрылым жасауға қол жеткізгенін атап өтті. «Диалогты одан әрі дамыту, туындаған проблемаларды шешу бойынша ортақ тәсілдемелерді әзірлеу, тәжірибемен және озық интеграциялық практикалармен алмасу, нысаналы бағдарламалар мен жоғары технологиялық жобаларды бірлесіп әзірлеу және іске асыру маңызды», — деп атап көрсетті Сергей Глазьев.

Анықтама

Іс-шараға сондай-ақ Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Атқарушы комитетінің Төрағасы — Атқарушы хатшысы Сергей Лебедев, Беларусь пен Ресейдің Одақтық мемлекетінің бас хатшысы Дмитрий Мезенцев, Түркменстанның Қаржы және экономика министрі Мухамметгелди Сердаров, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Экономикалық кеңесінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов қатысты.

ЕЭК Хаттама және ұйымдастырушылық қамтамасыз ету департаментінің Ақпараттық қамтамасыз ету бөлімі