Еуразиялық үкіметаралық кеңес Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттеріндегі макроэкономикалық жағдаят және Еуразиялық экономикалық комиссия жыл сайын ЕАЭО елдеріне ұсынатын орнықты экономикалық дамуды қамтамасыз ету жөніндегі ұсыныстар туралы баяндаманы қарады.
ЕЭК Интеграция және макроэкономика жөніндегі министрі Эльдар Алишеров өңірдегі сауданың, көлік-логистика маршруттарының, еңбек көші-қонының және қаржы ағындарының жаңа конфигурациясы белсенді экономикалық саясатпен қатар ЕАЭО-дағы экономикалық өсудің ынталандырмасы болғанын атап өтті. Оның сөзінше, Одақтағы сауда, қаржы және өндірістік байланыстар орнықтылықты, ал экономика жаңа өзгермелі жағдайларға бейімделу мүмкіндігін көрсетті.
ЕЭК-тің алдын ала бағалауы бойынша, 2024 жылы ЕАЭО-ның жиынтық ЖІӨ 4% өсті, бұл орташа әлемдік өсу қарқынынан (3,2%) және бастапқы болжамдардан жоғары. Өзара тауар саудасының құндық көлемі 2024 жылы басқа интеграциялық бірлестіктердегі сыртқы және өзара саудамен салыстырғанда жоғары қарқынмен өсе түсті және 2026 жылға қарай шамамен 100 млрд АҚШ долларына жетеді.
Эльдар Алишеров экономикада табыс деңгейінің өсуіне және конвергенциясына ықпал ететін қолайлы жағдайлар қалыптасқанын атап көрсетті. Бұған соңғы екі жылда қол жеткізілген экономикалық өсудің жоғары қарқыны, капиталдың жинақталуы, сондай-ақ жұмыспен қамту деңгейінің артуы ықпал етті. Жұмыссыздық деңгейі тарихи төмен деңгейге – 3%-ға жетті, инвестициялардың өсуі 8,2%-дан астам — жоғары деңгейде қалып отыр.
"Орнықты экономикалық дамуды қамтамасыз етуге телекоммуникация, көлік және электр энергетикасы сияқты желілік салаларға инвестициялардың көбеюі ықпал етуі мүмкін. Олар ең алдымен сауда ағындарын қайта бағдарлаумен байланысты инфрақұрылымдағы "осал жерлерді" еңсеруге, мүше мемлекеттер экономикасының көлік, логистикалық байланысын жақсартуға, еңбек ұтқырлығын қолдауға бағытталуға тиіс", – деп қорытындылады Эльдар Алишеров.