Жаңалықтар

09.10.2024

2023 жылы ЕАЭО елдерінде зияткерлік меншік саласында 4667 бұзушылық тіркелді

Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде анықталған контрафактілік тауарлар көлемі 2023 жылы 5,8 млн бірлікті құрады. ЕЭК Кәсіпкерлік қызметті дамыту департаментінің директоры Ернар Бәкенов бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы жанындағы Зияткерлік меншік жөніндегі консультативтік комитеттің мүшелеріне айтып берді. Оның сөзінше, "ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерде контрафактілік бойынша көшбасшылық позицияны киім мен аяқ киім, ойындар мен ойыншықтар, автомобильдерге арналған қосалқы бөлшектер, тамақ өнімдері, алкоголь өнімі, тұрмыстық техника мен электроника, аксессуарлар алады".

Комиссия Комитеттің 9 қазанда өткен отырысына қатысушылардың қарауына 2019 жылдан 2023 жылға дейінгі аралықтағы статистикалық көрсеткіштерді кірістіретін бірқатар талдамалық құжатты ұсынды. Құжаттардың қатарында – Одақ шеңберінде зияткерлік меншік саласын дамыту жөніндегі ұсыныстар мен мемлекеттерде нормативтік құқықтық реттеуді жетілдіру жөнінде ұсынымдары бар соңғы бес жылдағы талдамалы шолу, сондай-ақ ЕАЭО елдеріндегі зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды қорғау саласындағы құқық қолдану практикасының 2023 жылғы мониторингі туралы есеп бар.

"Таяу уақытта Одақтың ресми сайтында ЕАЭО мемлекеттеріндегі зияткерлік меншік саласындағы талдамалы шолуды, сондай-ақ ЕАЭО елдеріндегі зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды қорғау саласындағы құқық қолдану практикасының 2023 жылғы жай-күйі туралы есепті жариялаймыз", – деп атап өтті Ернар Бәкенов.

Бұдан өзге, қатысушылар 2030 жылға дейінгі және 2045 жылға дейінгі кезеңге арналған "Еуразиялық экономикалық жол" Одақ шеңберіндегі экономикалық процестерді одан әрі дамыту туралы декларацияны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының жобасына зияткерлік меншік саласындағы ұсыныстарды қарады.

Отырыста ЕАЭО елдерінде өндіріс құпияларын ("ноу-хау") құрайтын мәліметтерді, Тауар белгілері, қызмет көрсету белгілері және тауарлардың шығарылған жерлерінің атаулары туралы шартты іске асыру ерекшеліктерін құқықтық қорғауды ұсыну практикасы қаралды.

Сондай-ақ, Комитет қатысушылары зияткерлік меншік объектілерінің бірыңғай кедендік тізілімін іске қосуды, Интернет желісінде зияткерлік меншік құқықтарының бұзылуымен күресудің келісілген тәсілдемелерін қалыптастыруды және ЕАЭО мемлекеттерінде қорғалатын өнеркәсіптік меншік объектілерінің іздестіру сервисін құруды талқылады.

ЕЭК Алқасы жанындағы Зияткерлік меншік жөніндегі консультативтік комитет 2012 жылғы 25 қыркүйекте құрылған. Оның құрамына ЕАЭО мемлекеттері министрліктері мен ведомстволарының басшылары, басшыларының орынбасарлары және бизнес-қоғамдастықтың өкілдері кіреді.