Еуразиялық экономикалық комиссияның Макроэкономикалық саясат департаментінің директоры, семинар модераторы Асқар Жаппарқұлов атап көрсеткендей, COVID-19-дан кейін қалпына келмеген әлемдік экономика жаңа сын-қатерлерге тап болды, оның себептері - геосаяси шиеленіс, санкциялар, технологиялық өзгерістер мен энергия ауысу. Логистикамен байланысты елеулі проблемалар туындады, соның нәтижесінде жеткізілімдер құны бірнеше есе өсіп кетті. Ресейге қарсы санкциялар әлемдік нарықтардағы жағдаятты түпкілікті өзгертті.
"Бірінші кезекте азық-түлік тауарлары мен отынның бағалары тіпті тез өсуде. Көптеген елде 30-40 жыл ішіндегі рекордтық инфляция тіркелді. Өскелең инфляцияға жауап ретінде орталық банктер ақша-кредит саясатын қатаңдатуда: 75%-ға жуық орталық банктер жыл ішінде ставкаларды көтерді",- деп мәлімдеді Асқар Жаппарқұлов.
Мемлекетаралық банктің вице-президенті Игорь Чумаковский өз кезегінде ЕАЭО елдерінің барлық - саладағы - экономика, қаржы, төлем және басқа салалардағы экономикалық қауіпсіздігі мәселелерін шешудің маңыздылығын атап өтті. Ол мемлекеттік органдардың, академиялық топтар мен бизнестің тығыз өзара іс-қимылы қажеттігін атап көрсетті.
Семинарға қатысушылар елдердің және интеграциялық бірлестіктердің деңгейінде ықтимал жаһандық рецессияны еңсеру жолдарын талқылады.
БҰҰ Сауда және даму жөніндегі конференциясының жаһандану және даму стратегиялары бөлімшесінің басшысы Игорь Паунович бұл проблеманы шешудегі өз пайымдауын ұсынды: "Бізге бәрінің өркендеуін қамтамасыз ететін дамудың жаңа моделі қажет. Бұл модельдің өзегі экономиканың көміртексізденуіне, мемлекеттік әрі жекеше ауқымды инвестицияларға негізделген қоғамдық игілікке іргелі әлеуметтік-экономикалық трансформация болып табылады".
БҰҰ Сауда және даму жөніндегі конференциясының макроэкономика және даму саясаты бөлімшесінің басшысы Анастасия Несветайлова инфляцияға қарсы басты құрал ретінде таңдап алынған пайыздық ставкаларды арттыру қазіргі жағдаятта қарсы нәтижелі деп толықтырды.
"Бүгінгі инфляция құрылымы өзіне сұраныс, ұсыныс факторларын, сондай-ақ нарықтарды корпоративтік бақылауға және қаржылық алыпсатарлыққа байланысты факторлар тобын кірістіреді. Ставкалардың арттырылуы корпорациялар мен банктердің ұсыныстары мен қылықтарындағы алшақтықты жеңуге қабілетсіз болып қана қоймай, сонымен қатар бұл проблемаларды күшейте түседі. Сол себепті, фискалдық қолдау стратегиясын, тұтынушыларды қорғау шараларын және бағаны селективті бақылауды қамтитын реттеуші шаралардың кешенді пакеті әлемдік экономиканы 2023 жылы рецессиядан сақтай алады",- деп сенім білдірді сарапшы.
Еуразиялық даму банкі Интеграциялық зерттеулер орталығы бағытының жетекшісі Антон Малахов жаңа жағдайлардағы Еуразия өңіріндегі көлік байланыстылығы конфигурациясының өзгерістері туралы, сондай-ақ қатысушысының бірі Армения болып табылатын "Солтүстік-Оңтүстік" халықаралық көлік дәлізінің жұмыс тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар жайында айтты.
"ЕАДБ-ның жаңа зерттеуі шеңберінде осы дәлізді дамытудың инвестициялық жобаларының дерекқоры жиналды, оған жалпы сомасы 38 млрд АҚШ долл.асатын 100-ден астам жоба кірді",- деп Антон Малахов семинарға қатысушыларға ақпарат жеткізді.
Семинар барысында санкциялар жағдайында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, инфляцияның жоғары деңгейі мен айқынсыздық кезінде экономикалық өсуді ынталандыру әдістері сияқты мәселелер қаралды. Спикерлер өңірлік ынтымақтастықты және мемлекет пен бизнестің көлік саласындағы өзара іс-қимылын дамыту туралы, қаржы және төлем саласының трансформациясы, ЕАЭО шеңберінде тауарлардың сауда-саттығын ұйымдастыруды дамыту және қазіргі бар жағдайларда компаниялардың экологиялық қағидаттарға бейілділігі туралы айтты. Ақпараттық және технологиялық қауіпсіздікке де назар аударылды.
Мәскеу қаласы Инвестициялық және өнеркәсіптік саясат департаменті басшысының орынбасары Эмиль Петросян өңірлік ынтымақтастыққа тоқталып, инвесторларға жәрдемдесуге дайындық туралы мәлімдеді.
"Ағымдағы экономикалық жағынан күрделі әрі тұрақсыз уақытта Мәскеу инвесторларға, соның ішінде ЕАЭО елдерінің инвесторларына қала аумағындағы жобаларды іске асыру үшін қолдаудың теңдессіз шараларын: қаржы және мүліктік қолдауды (жер учаскесін беру), айрықша экономикалық аймақта оқшауландыруды, өнімді кепілді өткізуді, инвесторларды "бір терезе" режимінде сүйемелдеуді және басқаларды ұсынуға дайын. 2019 жылдан бастап Мәскеу қала аумағында, сол сияқты ЕАЭО елдері өңірлерінде орнықты даму жобаларын да белсенді ілгерілетіп отырғанын атап өтемін",- деді Эмиль Петросян.
Ресей Федерациясы Стратегиялық бастамалар агенттігі бас директорының кеңесшісі Антон Москаленков ЕАЭО шеңберінде кооперацияны кеңейту үшін жаңа мүмкіндіктер жасау қажеттігі және технологиялық әрі кадрлық егемендікті, мемлекеттік реттеу жүйесінің икемділігін қамтамасыз ету туралы пікір білдірді.
"Агенттік Еуразиялық экономикалық комиссиямен бірлесіп, Еуразиялық стратегиялық бастамалар және даму институттары консорциумын құру идеясын қолдайды. Тәжірибе мен таңдаулы практикаларды алмасудан бөлек, бірлескен жұмыс нәтижелерінің бірі - ЕАЭО елдері үшін ЭЫДҰ, ДБ және ЮНКТАД-тың қолданыстағы тәсілдемелерінен өзгешелікті жаңа инвестициялық парадигма құру бола алады. Осы тұрғыда ЕАЭО-ға инвестициялар тартудың негізгі факторы ұлттық экономика тарапынан жеткілікті сұранысты қалыптастыру болуға тиіс",- деп хабарлады Антон Москаленков.
Қорытындылай келіп, семинарға қатысушылар бизнес пен қоғамның мүддесіне сай келетін және адами әлеуеттің ашылуына, біздің елдер халқының өмір сүру деңгейі мен сапасын арттыруға ықпал ететін орнықты дамуды қамтамасыз ету мәселелері бойынша теңдестірілген позиция тұжырымдау қажеттігі туралы уағдаласты.
"Өзінің ұлтүсті мүмкіндіктерін пайдалана келіп, Комиссия алынған нәтижелерді ЕАЭО деңгейінде ұзақ мерзімдік стратегиялық жоспарлау құжаттарына ендіре отырып, тараптармен, халықаралық ұйымдармен және интеграциялық бірлестіктермен тығыз"Өзінің ұлтүсті мүмкіндіктерін пайдалана келіп, Комиссия алынған нәтижелерді ЕАЭО деңгейінде ұзақ мерзімдік стратегиялық жоспарлау құжаттарына ендіре отырып, тараптармен, халықаралық ұйымдармен және интеграциялық бірлестіктермен тығыз ынтымақтастықта бұл бағыттағы жұмысты белсенді жалғастырады",- деп түйіндеді Асқар Жаппарқұлов.