Жаңалықтар

30.08.2023 (Обновлено: 12.09.2023 09:48)

ЕАЭО-да Мемлекеттік сатып алу үшін банк кепілдіктерін өзара тану туралы келісімге қол қойылды

29 тамызда Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің отырысы барысында ЕАЭО мемлекеттері үкіметтері басшыларының орынбасарлары Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде банк кепілдіктерін өзара тану туралы келісімге қол қойды.

Келісім ЕАЭО-ның ішкі нарығындағы шектеулердің бірін — Одақ елдерінде мемлекеттік сатып алу кезінде банк кепілдіктерін өзара танудың болмауын жояды.

Келісім кепілдіктері Одақтың басқа мемлекеттерінде мемлекеттік сатып алу кезінде танылатын банктерге қойылатын бірыңғай талаптарды, осындай банктердің тізбесін қалыптастыру жөніндегі тәсілдемелерді, сондай-ақ берілген банк кепілдіктерінің тізілімін жүргізу тәртібін айқындайды.

Осы ретте, егер тапсырыс беруші мемлекеттің заңнамасында көзделген болса, бұл жағдайда, мұндай банктердің тізбесін және банк кепілдіктерінің тізілімін жүргізу жүзеге асырылатын болады.

"Сөйтіп, ЕАЭО-ның кез келген мемлекетінен әлеуетті өнім беруші Одақтың басқа елінің тапсырыс берушісіне белгіленген критерийлерге сәйкес келетін өзінің "үй" банкінің кепілдігін бере алады және тапсырыс беруші бұл кепілдікті қабылдауға тиіс. Егер тапсырыс беруші елдің заңнамасында мұндай критерийлер көзделмесе, онда банк кепілдіктері еркін танылады", — деп ЕЭК Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі министрі Бақыт Сұлтанов Келісімнің нормаларын түсіндіріп өтті.

Келісімге қол қоюмен бір мезгілде Кеңес ЕАЭО мемлекеттерінің банк кепілдіктерін беруді жүзеге асыратын банктері сәйкес келуге тиіс критерийлерді, сондай-ақ банктерді кепілгерлер тізбесіне қосу және алып тастау жөніндегі уәкілетті органдармен ақпарат алмасу тәртібін бекітті.