Жаңалықтар

25.04.2024

ЕЭК-те ЕАЭО елдері мен Кубаның ақпараттық технологиялар саласындағы ынтымақтастығы талқыланды

Еуразиялық экономикалық комиссияның Ақпараттық технологиялар департаментінің директоры Александр Алексанян мен Кубаның Ариадна Пласенсия Кастро басқарған ақпараттандыру және коммуникациялар жөніндегі бизнес тобының кездесуінде ақпараттық технологиялар мен телекоммуникациялар саласындағы өзара іс-қимыл, бірлескен іс-шараларды іске асыру және ынтымақтастық перспективалары қаралды. 

Александр Алексанян Комиссияның Еуразиялық экономикалық одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесін (ИАЖ) құру, Одақтың уәкілетті органдары арасында мемлекетаралық деректер және электрондық құжаттар алмасу кезінде трансшекаралық сенім кеңістігін дамыту, сондай-ақ ЕАЭО елдерінің бір-бірінің электрондық цифрлық қолтаңбасын тануы жөніндегі ауқымды жұмысы туралы айтып берді.

Салалық департаменттің басшысы ЕАЭО мемлекеттерінің үшінші елдермен цифрландыру саласындағы ынтымақтастығының ойдағыдай мысалы ретінде ЕАЭО-ның Вьетнаммен өзара іс-қимылын атады. "ИАЖ-ды пайдалана отырып, ақпарат алмасу бойынша ЕАЭО мен Вьетнам арасындағы ақпараттық өзара іс-қимылды іске асырудың ойдағыдай тәжірибесін атап өтпеуге болмайды. Осы тәжірибе Кубамен электрондық ақпарат алмасу кезінде қолданылуы мүмкін, бұл ынтымақтастықтың әлеуеті зор", – деп атап өтті Александр Алексанян.

Куба тарапы ел экономикасының цифрлық трансформациясы, телекоммуникациялық инфрақұрылымды, ақпараттық технологияларды дамыту және желілік қосылыстардың сапасын арттыру жөніндегі жұмыс туралы хабардар етті. Бизнес топтың өкілдері өздерінің ақпараттық технологияларын ЕАЭО мемлекеттерінде ілгерілетуге мүдделілік білдірді.

Александр Алексанян кубалық әріптестерін АКТ саласында тәжірибе бөлісіп, цифрлық әзірлемелер саласындағы озық практикамен алмасу үшін Минскіде өтетін "ТИБО-2024" ақпараттық-коммуникациялық технологиялар жөніндегі халықаралық форумға қатысуға шақырды. 

Тараптар белсенді өзара іс-қимылды жалғастыру, жыл сайынғы FIHAV Гавана халықаралық жәрмеңкесі шеңберінде ұлттық ғылыми-технологиялық парктердің қызметімен танысу үшін ЕЭК делегациясы мен ЕАЭО елдерінің бизнес топтарының Кубаға сапарын пысықтау жайында уағдаласты.

Куба Республикасы ЕАЭО жанындағы байқаушы мемлекет болып табылады. Өзара тиімді диалогты дамыту үшін ЕАЭО-ның Кубамен ынтымақтастығының елеулі негізі қаланды, атап айтқанда, Комиссия мен Куба Республикасының Үкіметі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға және Бірлескен іс-шаралар жоспарына қол қойылды.

ЕАЭО-дан Кубаға өңдеуші өндіріс өнімінің экспорты 2023 жылы 2022 жылмен салыстырғанда 3% артты, өткен жылы кубалық тауарлардың ЕАЭО-ға импорты екі есе өсті.