Жаңалықтар

27.03.2024

ЕЭК-те агроөнеркәсіптік кешенді дамыту талқыланды

27 наурызда Еуразиялық экономикалық комиссияның Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен министрі Гоар Барсегянның төрағалығымен өткен Агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі Консультативтік комитеттің отырысына қатысушылар Еуразиялық экономикалық одақтың агроөнеркәсіптік кешенін дамыту бойынша көптеген өзекті мәселелерді талқылады.


Атап айтқанда, Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің ауыл шаруашылығындағы микро, шағын және орта кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шаралары туралы мәселе қаралды. Мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарының өкілдері шағын шаруашылық нысандарын мемлекеттік қолдау бойынша ұлттық шаралардың тәжірибесімен алмасты, сондай-ақ осы мәселе бойынша халықаралық тәжірибені қарады. Комиссия ұсақ тауар өндірісі бойынша бәсекелестік артықшылығы бар ауыл шаруашылығының тауашалық кіші салаларында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қолдау көрсету мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Отырысқа қатысушылар асыл тұқымды ресурстардың импортына айтарлықтай тәуелділігі бар мал шаруашылығының кіші салаларында асыл тұқымды өнім өндіруді дамыту шараларын қарады, сондай-ақ өзара сауда көлемін ұлғайтуды және Одақ елдерінің халықаралық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуді талқылады. Ұсыныстар Одаққа мүше мемлекеттердің 2018-2022 жылдардағы асыл тұқымды өнім нарығын талдау негізінде әзірленді. Олар ауыл шаруашылығы жануарларымен байланысты селекциялық-асыл тұқымдық жұмыстың тиімділігін арттыруға, мүше мемлекеттердің генетикалық әлеуеті жоғары меншікті асыл тұқымды өніммен қамтамасыз етілуін ұлғайтуға бағытталған. Бұл асыл тұқымды мал ісін ұйымдастыру мен жүргізу деңгейін арттыруға мүмкіндік береді, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерде мал шаруашылығының тұрақты жұмыс істеуіне ықпал ететін болады.

Комитет мүшелері Комиссия Алқасының қосымша шараларды жүзеге асыруды көздейтін «Одаққа мүше мемлекеттердің құс шаруашылығын тұрақты дамыту жөніндегі шаралар тізбесі туралы» ұсынымының жобасын мақұлдады. Олардың ішінде құс еті мен жұмыртқаны терең өңдеу саласында инновациялық әзірлемелер мен технологиялық шешімдерді игеру; өндірістің барлық элементтерін тіркеу және қадағалау үшін біріктірілген сенсорлық қосымшаларды қолдануға робот техникасын енгізу. Ұсынымды іске асыру құс еті мен құс шаруашылығы өнімдерінің өзара саудасын, экспортын ынталандыруға, сондай-ақ саланың жұмыс істеу тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.