тексттин өлчөмү: A A A
Сайттын түстөр: C C C
Сайттың әдеттегі болжамы
Выберите язык
02.11.2023

ЕАЭО-ны дамытудың стратегиялық құжаттарында орнықты даму саласындағы барлық мақсат ескерілген

Еуразиялық экономикалық комиссияның Макроэкономикалық саясат департаментінің директоры Асқар Жаппарқұлов бұл туралы 1-2 қарашада Алматыда БҰҰ ЭСКАТО атқарушы хатшысы Армида Салсия Алишахбананың төрағалығымен өткен Орнықты даму мақсаттарын (ОДМ) іске асыру жөнінде Солтүстік және Орталық Азия VII көпжақты форумында мәлімдеді.

ЕЭК Департаменті басшысының сөзінше, халықаралық экономика мен саясаттағы ағымдағы оқиғалар экономикалық қана емес, гуманитарлық мәселелерді де шиеленістіре отырып, ОДМ-ға қол жеткізуге теріс әсер етеді. 

"Осыған қарамастан, ЕАЭО-да іске асырылып жатқан шаралар белгілі бір дәрежеде жағымсыз әсерлерді деңгейлестіруге және ЕАЭО елдерінің көпшілігінде ОДМ-ға қол жеткізу көрсеткіштерінің оң серпінін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Үміттендіретін нәтижелерге қарамастан, ЕАЭО елдері мен ЕЭК алдында әлі де көптеген міндеттер тұр, оларды шешу үшін жұмысты жалғастыру қажет болады. Атап айтқанда, климаттың өзгеруіне қарсы күрес, құрлық экожүйелерін сақтау, арзан және сенімді энергия көздеріне қол жетімділікті қамтамасыз ету, лайықты жұмыс ұсыну және экономикалық өсуге қол жеткізу міндеттері өзекті болып табылады", – деп атап өтті Асқар Жаппарқұлов.

Ол сондай-ақ пікірсайысқа қатысушылардың назарын ЕАЭО дамуының стратегиялық құжаттарын және оларда қатталған бастамаларды іске асыру ЕАЭО елдерінің барлық ОДМ-ға қол жеткізуін жеделдетуге ықпал ететініне аударды. Осы бағытта ЕЭК басқа интеграциялық бірлестіктермен, елдермен және халықаралық ұйымдармен тәжірибе алмасу және күш-жігерді үйлестіру мақсатын ұстанады.

Климаттың өзгеруіне қарсы күрес жөнінде шұғыл шаралар қабылдау туралы сессия шеңберінде ЕЭК Макроэкономикалық саясат департаментінің экономикалық саясат стратегиялары бөлімінің бастығы Андрей Пантелеев ЕАЭО жасыл күн тәртібінің шақырыстары мен мүмкіндіктері туралы айтып берді. "Көміртексіздендіру және парникті газдарды реттеу, яғни климаттық күн тәртібі жасыл экономика мен "жасыл" трансформацияның синонимі емес. Көміртексіздендіру мақсаттың тап өзі емес, мақсатқа жетудің құралы болып табылады. Дәл осы идея бойынша біз ЕАЭО-ның "климаттық күн тәртібін" және оны Орнықты даму саласындағы мақсаттардан туындайтын "жасыл" трансформация міндеттерімен бір пакетте одан әрі іске асыруды қалыптастырамыз", – деп атап көрсетті ол.

Форумға қатысушылар сан алуан дағдарыс жағдайында 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған күн тәртібін іске асыру барысын, соның ішінде кедейліктің түп-тамырын, аштықты жою, климаттың өзгеруіне қарсы күрес, орнықты даму мүддесінде бейбітшілікті сүйетін және ашық қоғам құруға жәрдемдесу, халықаралық ынтымақтастықты күшейту мүмкіндіктері мен орнықты даму мүддесінде күш-жігерді үйлестіру мәселелерін талқылады.

Анықтама

Солтүстік және Орталық Азияның Орнықты даму саласындағы мақсаттарды іске асыру жөніндегі көпжақты форумы - Біріккен Ұлттар Ұйымының Азия мен Тынық мұхитына арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясы (ЭСКАТО) ішкі әріптестерімен бірлесіп және БҰҰ жүйесінен тыс 2017 жылдан бері ұйымдастырып келе жатқан жыл сайынғы іс-шарасы.

ЭСКАТО – БҰҰ-ның Азия мен Тынық мұхитқа арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясы, БҰҰ-ның бес өңірлік комиссияның біреуі болып табылады. ЭСКАТО штаб-пәтері Бангкокта (Таиланд) орналасқан. ЭСКАТО құрамына 53 ел және тоғыз қауымдастырылған қатысушы кіреді.