Жаңалықтар

25.05.2023

ЕАЭО-ның кеден саласындағы маңызды міндет – цифрлық технологияларды дамыту

II Еуразиялық экономикалық форум аясында «Заманауи сын-қатерлер мен жаңа серіктестер. ЕАЭО-да кедендік реттеу қалай дамиды?» атты тақырыптық сессиясында Еуразиялық экономикалық одақта кедендік ынтымақтастықты дамыту перспективалары, кеден ісінде перспективалық ақпараттық технологияларды енгізу, бизнестің, азаматтардың және мемлекеттік органдардың өзара іс-әрекетіне неғұрлым қолайлы орта жасау, трансшекаралық сауданы жеделдету және оңайлату мақсатында цифрлық құралдар мен платформаларды пайдалану мәселелері қарастырылды.

«Мен кедендік реттеуді еуразиялық интеграцияның негізгі элементі деп атайтын едім. Сондықтан біздің кеден саласындағы интеграциялық кеңістігімізде сенім кеңістігін құру өте маңызды. Тек мемлекеттік бақылаушы органдар ғана емес, сонымен қатар бизнес те Одақ елдерінің барлық органдарына бір-біріне сеніммен қарауға тиіс. Бұл кедендік әкімшілендіруде цифрлық шешімдер мен рәсімдерді белсенді түрде енгізген кезде ғана болуы мүмкін», — деп атап өтті Еуразиялық экономикалық комиссияның Кедендік ынтымақтастық жөніндегі министрі Эльдар Алишеров.

Сессиясының модераторы Ресей Федерациясының ФКҚ басшысының міндетін уақытша атқарушы Руслан Давыдов осы бағыттағы пікірталасты дамытты. Ол: «Кедендік әкімшілендіруді электрондық пломбалар, тауарларды қадағалау және таңбалау жүйелері, электрондық сауданы дамыту сияқты цифрлық кедендік технологияларды енгізу бағытында одан әрі жетілдіру қажет. Барлық елдер бірауыздан осы мәселелер бойынша тезірек алға жылжу қажет», деп атап өтті.

Сессияға қатысушылар көлік-логистикалық тізбектердің бұзылуына байланысты кедергілерді еңсеруде трансеуразиялық логистиканы дамытуға ерекше назар аударды. Сондай-ақ, олар кедендік рәсімдер мен кедендік бақылау операцияларын біріздендіру, стандарттау, электрондық сауда институтын дамыту, электрондық құжат айналымын біріздендіру бойынша одан әрі жұмыс істеу қажеттігі туралы ортақ пікір білдірді.

«Кедендік әкімшілендіруді цифрландырмай, біздің саладағы заманауи технологияларды қарқынды түрде дамытпай жетілдіру мүмкін емес деп санаймыз. Ақпаратпен алмасуға мүмкіндік беретін электрондық платформаларсыз тиімді ынтымақтасып жұмыс істеу мүмкін емес. Кеден саласында да, салық саласында да байқалмайтын әкімшілендіру болуы тиіс, бірақ бұл ретте жеткілікті тиімді бақылау болуы қажет, өйткені біздің елдеріміз арқылы өтетін тауар ағындары, транзит барған сайын артып келеді», — деп атап өтті Армения Республикасы Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Ашот Мурадян.