Жаңалықтар

17.11.2023

Виктор Назаренко: "АШО вирусының енуі мен таралуы мемлекеттердің азық-түлік қауіпсіздігіне әсер етеді, сондай-ақ олардың экспорттық әлеуетін айтарлықтай шектейді"

Еуразиялық экономикалық комиссияның Техникалық реттеу жөніндегі министрі Виктор Назаренко бұл туралы 16 қарашада Мәскеуде Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының (ДЖДҰ) өңірлік өкілдігімен бірлесіп ұйымдастырылған "Африкалық шошқа обасы - жаһандық қауіп. АШО-ға қарсы күрестегі халықаралық күш-жігер мен ғылым" тақырыбындағы семинарды ашқан кездегі өзінің бейнеүндеуінде мәлімдеді.

"Осы семинар барысында алынған ақпарат пен білім ЕАЭО құқығына кіретін жаңа нормативтік құжаттарды әзірлеу және қолданыстағы нормативтік құжаттарды жетілдіру кезінде одан әрі қолданылатыны өте маңызды. ДЖДҰ ұсынымдары мен әлемдік тәжірибені ескере отырып, осы аурудың жайылуын жою жөніндегі күш-жігерді біріктіру өзара саудадағы шектеулерді барынша азайтуға мүмкіндік береді және Одаққа мүше мемлекеттердің экспорттық әлеуетін арттыруға ықпал ететін болады", – деп атап өтті ЕЭК министрі.

Семинарға қатысушыларға ДЖДҰ-ның Мәскеудегі өңірлік өкілдігінің басшысы Будимир Плавшич те сәлемсөзбен қайырылды. Ол талқыланған мәселенің өзектілігіне айрықша назар аударып, АШО шошқа шаруашылығына орасан зор зиян келтіруі мүмкін екенін және әлемнің 66 елі осы жаһандық проблемаға қазірдің өзінде сол немесе өзге бір дәрежеде тап болып отырғанын атап өтті.

Тақырыпты дамыта келіп, семинар модераторы ДЖДҰ-ның Орталық Азияға арналған Субөңірлік өкілдігінің басшысы Мереке Тайтубаев АШО жағдайлары туралы ақпаратты ДЖДҰ-ның Жануарлар денсаулығы жөніндегі жаһандық ақпарат жүйесіне (WAHIS) жіберудің маңыздылығын атап көрсетті, өйткені бұл ауру әлемдік ауыл шаруашылығы мен саудаға елеулі қауіп төндіреді.

Семинарға ДЖДҰ өкілдері, сондай-ақ ветеринария саласындағы жетекші ғалымдар - Жан Перше (ДЖДҰ), Альберто Ладдомада (DG SANTE EC), Денис Колбасов (Ресей), Хосе Мануэль Санчес-Вискаино (Испания), Алексей Иголкин (Ресей), Сандра Бломе (ДЖДҰ) спикер ретінде қатысты. 

Іс-шара барысында оның қатысушылары әлемдегі африкалық шошқа обасы бойынша ағымдағы эпизоотиялық жағдаятпен, оның таралу үрдістерімен, осы аурумен күресудің және алдын алудың қазіргі заманғы әдістерімен, АШО вирусының биологиялық қасиеттерін зерделеу мен бағалау жөніндегі зерттеу жұмыстарымен, сондай-ақ осы жымысқы вирусқа қарсы вакцина жасаушылар ондаған жылдар бойы тап болып отырған қиындықтармен танысты. Олар тиімді және қауіпсіз вакцина жасау арқылы осы аса қауіпті ауруға қарсы күресте орасан зор серпіліс болатынын атап көрсетті.

Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасының уәкілетті органдары АШО-ның алдын алу бойынша тәжірибесімен бөлісті, бұл ЕАЭО-ның басқа мемлекеттерінің ветеринариялық мамандарына осы аурудың өз мемлекеттерінің аумағына енуін және таралуын болдырмау жөніндегі іс-шараларды жоспарлау кезінде пайдалы болатыны сөзсіз.

Семинар жұмысына ЕЭК қызметкерлері, ДЖДҰ өкілдері мен сарапшылары, Еуразиялық экономикалық одақтың барлық мемлекетінің ветеринария саласындағы уәкілетті органдарының, сондай-ақ олардың жетекші ведомстволық бағынысты институттары мен зертханаларының лауазымды адамдары мен сарапшылары қатысты.

Іс-шараның қонақтары мен қатысушылары Еуропаның бірқатар елінің, Куба мен Тайландтың Мәскеудегі елшіліктерінің, Еуропалық одақтың Мәскеудегі өкілдігінің және БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) қызметкерлері болды, бұл семинар тақырыбының өзектілігін және бұған шетелдік мамандардың қызығушылығы артқанын көрсетеді.

Тірі және рекомбинантты вакциналарды әзірлеуге, жасауға және қолдануға, олардың тиімділігі мен қауіпсіздігіне, сондай-ақ вакцинация бойынша халықаралық жобаларды іске асыруға қатысты ғылыми-практикалық мәселелер аудиторияның үлкен қызығушылығын тудырды. Құрылымы күрделі, көптеген қорғаныс дәрежелері бар және аса жоғары төзімділіктегі вирус бүкіл әлемдегі жетекші ғылыми зертханаларда белсенді түрде зерттелуде.

Анықтама

Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымы (ДЖДҰ) бүкіл әлемдегі жануарлардың денсаулығы үшін жауапты үкіметаралық ұйым болып табылады. Ол ДСҰ-ның референттік ұйымы ретінде танылған.

Африкалық шошқа обасы (АШО) — қызу көтерілуімен, терінің көгеруімен және ішкі ағзалардағы кең көлемді қан кетумен сипатталатын шошқалардың өте жұқпалы вирустық ауруы. Көбінесе бұл ауру 100%-ға дейін өліммен аяқталатын қатты түрде жүреді.