Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі 29 тамыздағы отырысында "Тағамдық қоспалар, хош иістендіргіштер мен технологиялық көмекші құралдар қауіпсіздігінің талаптары" техрегламентіне өзгерістер енгізу туралы шешім қабылдады.
Өзгерістерді Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі ЕАЭО заңнамасына сәйкес тағамдық қоспаларға қойылатын талаптар бөлігінде, сондай-ақ ет өнімдері құрамында фосфор қышқылы мен тағамдық фосфаттардың болуы бөлігінде әзірледі. Сонымен қатар, тағамдық қоспалардың, хош иістендіргіштердің, технологиялық құралдардың қауіпсіздігі саласындағы халықаралық және Еуропалық заңнамаға енгізілетін өзгерістер, соның ішінде Алиментариус кодексі ескерілді.
Өзгерістер кешенді құжат болып табылады, олар тамақ өнімдері үшін рұқсат етілген тағамдық қоспалардың және хош иістендіргіштер үшін рұқсат етілген дәмді-хош иісті заттардың тізбесін қоса, техрегламенттің бес бөлімін және оған 29 қосымшаны өзектілендіруді көздейді.
Атап айтқанда, өзгерістер:
- рұқсат етілген тағамдық қоспалар тізбесінен өзектілігін жоғалтқан 19 позицияны алып тастау, сондай-ақ 6 позициямен толықтыруды;
- ферменттік препараттар тізбесін және дәмді-хош иісті заттар тізбесін кеңейтуді;
- жекелеген тағамдық қоспаларды қолдану саласын түзету және тамақ өнімдері топтарының атауларын, соның ішінде қазіргі заманғы номенклатураны ескере отырып редакциялауды көздейді.
ЕЭК Кеңесінің шешімі ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 180 күн өткен соң күшіне енеді. Бизнестің жаңа талаптарға бірқалыпты көшуі үшін Комиссия Алқасының осы өзгерістерді қолданысқа енгізу тәртібі туралы шешімінің жобасы әзірленді, ол жаңа талаптарға бірқалыпты көшуге 18 ай және таңбалауға қойылатын талаптарға қатысты ауысуға 36 ай берілетінін көздейді. Құжат белгіленген тәртіпте қаралып, қабылданатын болады.