Жаңалықтар

21.11.2023

Қырғыз Республикасының шекарасындағы өткізу пункттерінің кедендік инфрақұрылымын кешенді жаңғырту аяқталып келеді

Еуразиялық экономикалық комиссияның сарапшылары мен Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің уәкілетті өкілдері Қырғыз Республикасы Қаржы министрлігі жанындағы Мемлекеттік кеден қызметі өкілдерінің қатысуымен 13 - 17 қарашада Қырғызстан мен Тәжікстанның шекарасында орналасқан «Кайрагач», «Карамык» және «Бор-Добо» автомобиль өткізу пункттерінің кедендік инфрақұрылымы элементтерінің жайластырылуы мен материалдық-техникалық жарақтануына мониторинг жүргізді.

Мониторинг қорытындысы бойынша Комиссияның Кедендік инфрақұрылым департаментінің директоры Данияр Иманалиев пен Қырғыз Республикасы кеден қызметі басшысының орынбасары Алмаз Салиев есепке қол қойды, онда бұл пункттердің кедендік инфрақұрылымы элементтерінің жайластырылуы мен материалдық-техникалық жарақтандырылуы жөніндегі іс-шаралар толық көлемінде орындалғаны атап өтілді.

"Қырғызстан Одаққа қосылу шеңберінде алынған өткізу пункттерін жаңғырту жөніндегі барлық міндеттемесін орындауға жақын. Біз жаңғырту шеңберінде бірқатар кедендік инфрақұрылым нысаны салынғанына, өткізу пункттері ең қазіргі заманғы техникалық құралдармен жабдықталғанына, кеден қызметінің қызметкерлері қажетті білім мен дағдыларға ие екендігіне және өз міндеттерін орындауға дайын екендігіне көз жеткіздік. Жүргізілген жаңғырту сауданы және транзиттік әлеуетті дамытуға, сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға тауарларды шекара арқылы өткізу үшін барынша қолайлы жағдайлар жасауға ықпал етеді және бұл ретте кедендік бақылаудың тиісті деңгейін қамтамасыз етеді", – деп атап өтті Данияр Иманалиев.

Данияр Иманалиев Қырғызстан кеден қызметінің басшылығымен бірқатар жұмыс кездесуін өткізді, бұлардың барысында жаңғыртуды аяқтау, күнделікті жұмыс істеуді одан әрі қамтамасыз ету мәселелері және өткізу пункттерінің кедендік инфрақұрылымын одан әрі жетілдіру жоспарлары қаралды. 

Қырғыз Республикасының кеден қызметінің жаңа инфрақұрылымды тиімді пайдалану жолындағы, соның ішінде бірқатар перспективалық міндетті іске асыру шеңберінде қабылдап жатқан күш-жігері атап өтілді. Олардың арасында шекарадағы барлық бақылаушы органдардың қорғалған байланыс арналары бойынша автоматтандырылған ақпараттық өзара іс-қимылын ендіру; тауарға ілеспе құжаттарды электрондық түрде пайдалануға көшу; кедендік бақылаудың техникалық құралдарын Қырғыз Республикасының кеден қызметінің Бірыңғай автоматтандырылған жүйесіне қосу бар.