Жаңалықтар

27.11.2024

Жанар Әдікова: "Одақтағы мемлекеттік сатып алу нарығы ұлтүсті құқықпен бекітілген мызғымас қағидатқа бағынады"

Еуразиялық экономикалық комиссияның Еуразиялық экономикалық одақтың толық форматты, жеткізушілері үшін қолжетімді, жалпы ережелер бойынша, әсіресе мүше мемлекеттердің импортты алмастыруға бағытталуы жағдайында әрекет ететін мемлекеттік сатып алу нарығын құру жөніндегі жұмысы ерекше маңызға ие.

ЕЭК Бәсекелестік саясат және мемлекеттік сатып алу саласындағы саясат департаментінің директоры Жанар Әдікова мұны Алматыда NON-FOOD-ASIA EXPO-2024 халықаралық азық-түлік емес тауарлар көрмесі шеңберінде атап көрсетті. Ол көрменің консультациялық орталығы ұйымдастырған алаңда "ЕАЭО шеңберінде мемлекеттік сатып алуға өзара қатысуға тосқауылсыз қол жеткізу мәселелері" тақырыбында сөз сөйледі.

"Біздің Одақтағы мемлекеттік сатып алу нарығы ұлтүсті құқықпен бекітілген мемлекеттік сатып алуда ұлттық режимді қамтамасыз етудің мызғымас қағидатына бағынады. Одаққа мүше кез келген ел ЕАЭО-ның басқа елдерінен тауарлар мен көрсетілетін қызметтер үшін мемлекеттік сатып алуда өзінің жеткізушілері үшін орнатылғаннан кем түспейтін қолайлы режим мен жағдайларды қамтамасыз етуге тиіс", – деп атап өтті Жанар Әдікова.

Ол мемлекеттік (муниципалдық) сатып алуда тосқауылдарды болдырмауға, осындай сатып алу мақсаты үшін ЕАЭО-да тауар шығарылған елді растау тәртібіне, кедергілерді жоюға, соның ішінде мемлекеттік (муниципалдық) сатып алуға қатысу үшін электрондық цифрлық қолтаңбаны өзара тану арқылы жоюға байланысты мәселелерге тоқталды.

Жанар Әдікова 2023 жылы мүше мемлекеттер мемлекеттік сатып алу мақсаты үшін банк кепілдіктерін өзара тану туралы өте маңызды келісімге қол қойғанын еске салды. Келісім ЕАЭО-ның ішкі нарығындағы тиісті шектеуді жойды, кепілдіктері Одақтың басқа елдерінде мемлекеттік сатып алу кезінде танылатын банктерге қойылатын бірыңғай талаптарды, осындай банктердің тізбесін қалыптастыру жөніндегі тәсілдемелерді, берілген банк кепілдіктерінің тізілімін жүргізу тәртібін айқындады. ЕЭК Департаменті директорының сөзінше, Комиссияның негізгі міндеттерінің бірі – аталған келісімді іске асыру.

Орталық жұмысы шеңберінде Одақ елдері мемлекеттік органдарының және Комиссияның өкілдері кәсіпкерлерге ЕАЭО-дағы экспорт пен импорт бойынша консультациялар өткізді. Сатып алуды ұйымдастыру тәртібіне, бірлескен кәсіпорындар құруға, тауар ағындарының бағыттарын қалыптастыруға, өнім берушілер мен тапсырыс берушілердің өзара іс-қимылына қатысты тақырыптар талқыланды.