Жаңылыктар

26.08.2021 (Обновлено: 11.01.2022 10:18)

Руслан Бекетаев: «ЕАЭО-да құқық иеленушілер мен электрондық алаңдар арасындағы өзара іс-қимыл үшін жағдайлар жасау қажет»

Бұл туралы Нұр-Сұлтанда өткен «Антиконтрафакт-2021» IX халықаралық форумында Еуразиялық экономикалық комиссияның Экономика және қаржы саясаты жөніндегі министрі Руслан Бекетаев мәлімдеді. Форумның жалпы сессиясында сөз сөйлеген ЕЭК министрі қоғам өмірінің барлық саласында жұмыс істейтін және бизнес форматын трансформациялайтын ақпараттық технологияларды әлем белсенді дамытып, жетілдіріп отырғанын атап көрсетті. Бұл іскерлік қатынастар шеңберіндегі өзара іс-қимылды айтарлықтай оңайлатады, бірақ осы ретте заң шығарушылар мен құқық қолданушылар алдына нормативтік реттеуге және осындай қатынастарды рәсімилеуге байланысты күрделі міндеттер қояды.

Соңғы екі жылдың тренді электрондық коммерция көлемінің өсуі болып отыр. COVID-19 пандемиясы бүкіл әлемдегі тұтынушыларды Интернеттен көбірек белсенді түрде сатып алуға итермеледі, бұл контрафактілік өнімнің, соның ішінде цифрлық кеңістікте өсуіне әкеліп соқты. Мысалы, 2020 жылы Ресей Федерациясының аумағында ғана зияткерлік меншік объектілеріне құқықтардың бұзылуына байланысты 27 мыңға дерлік сайтқа қол жеткізу бұғатталды, бұл алдыңғы жылға қарағанда төрт есе көп.

Зияткерлік меншік саласындағы анықталған құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың көп бөлігі (91%) тауар белгілерін заңсыз пайдалану саласының үлесіне тиеді. 2020 жылы ЕАЭО-да құқық иеленушілердің көп миллиардтық залалын болдырмай, айналымнан 13,6 млн контрафактілік тауар алып қойылды.

«Бұл мән-жайлар зияткерлік меншік объектілеріне құқықтардың, соның ішінде Интернет желісінде бұзылуын анықтаудың және қарсы іс-қимылдың жаңа тәсілдемелерін әрі тиімді механизмдерін қалыптастыру қажеттігін, құқық иеленушілердің, тұтынушылардың және маркетплейстердің өзара іс-қимылының тиімді моделін орнату қажеттігін талап етеді», — деп атап өтті Руслан Бекетаев.


Бүгінгі таңда осы мәселе бойынша Одақ елдеріндегі құқықтық реттеу Ресей Федерациясында ғана қалыптасқан және ол тауар белгілері мен өзге де дараландыру құралдарын қорғау мәселесін сөз етпей, Интернет желісіндегі авторлық құқық пен сабақтас құқықтарды қорғауға қатысты қолданылады. «Осыған байланысты Комиссия бұл салада мүше мемлекеттердің ұлттық заңнамасын құру мен дамытуды қамтамасыз етуге бағытталған жоспарлы түрдегі жұмысты жүргізеді. Интернет желісі арқылы контрафактілік тауарларды тарату проблемасын шешу үшін құқық иеленушілер мен электрондық алаңдар, сондай-ақ уәкілетті органдар арасында салалық өзара іс-қимылды ұйымдастыру үшін жағдай жасау қажет», — деп атап өтті Руслан Бекетаев.

Интернет желісінде зияткерлік меншік объектілеріне құқықтардың бұзылуына қарсы күрес бойынша ЕАЭО елдерінің келісілген тәсілдемелерін көздейтін келісім жобасын әзірлеу де белгіленді. Бұл бастамаларды таяудағы екі-үш жылдың ішінде іске асыру жоспарлануда.


Анықтама

«Антиконтрафакт» халықаралық форумы – билік, бизнес, ғылым өкілдерінің, құқық иеленушілердің, өндірушілердің, авторлар мен жұртшылықтың сындарлы диалогына арналған аса ірі халықаралық алаң, мұнда контрафактілік өнімнің таралуына қарсы күрестің тиімділігін арттыру, зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды қорғау, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің өркениетті нарығын, бәрінен бұрын ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерде қалыптастыру жөніндегі ұсыныстар талқыланады және тұжырымдалады.

Нұр-Сұлтан қаласындағы форумның ұйымдастырушылары ретінде Еуразиялық экономикалық комиссия, Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі, Қазақстан Республикасының Ұлттық зияткерлік меншік институты және «Антиконтрафакт» халықаралық қауымдастығы өзін көрсетті.

Еуразиялық үкіметаралық кеңестің 2017 жылғы 7 наурыздағы № 3 өкіміне сай, форум жыл сайын ротациялық негізде ағымдағы жылы Еуразиялық үкіметаралық кеңесте төрағалық ететін елде өткізіледі.
2022 жылы «Антиконтрафакт-2022» X халықаралық форумы Қырғыз Республикасында өтеді.