Жаңалықтар

26.08.2022

2022 жылғы 25-26 тамыздағы Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысының қорытындылары

25-26 тамызда Чолпон-Атада (Қырғыз Республикасы) көзбе-көз форматта болып өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысында Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің Үкімет басшылары тоғыз мәселені қарады.

ЕАЭО мемлекеттерінің Үкімет басшылары Еуразиялық кеңістікте ұқсасы жоқ халықаралық қаржылық ұйым - Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясын (ЕҚК) құру туралы келісіммен жұмыс аяқталғаны туралы мәлімдеді.

Үкіметаралық кеңес мүшелері ЕАЭО елдеріндегі басымдықты инфрақұрылымдық көлік жобаларының тізбесін мақұлдады. 

ЕАЭО елдерінің Үкімет басшылары өзара саудада есеп айырысуды жүзеге асыру кезінде Одақ елдерінің ұлттық валюталарын пайдалануды кеңейту мәселесін талқылады. ЕАЭО-ның дамуы және мүше мемлекеттер арасында өзара сауданың дәйекті өсуі өзара есеп айырысудағы ұлттық валюталар үлесінің артуымен сүйемелденуде. Одақ құрылған сәттен бергі жеті жыл ішінде олардың үлесі 70%-дан асып, 2022 жылға қарай 74%-дық көрсеткішке жетті. 

ЕАЭО елдерінің Үкімет басшылары Одақ туралы шартқа жеке тұлғалар іске асыратын тауарлардың электрондық саудасы кезінде жанама салықтар алу бөлігінде өзгерістер енгізуді талқылады.

Үкіметаралық кеңес мүшелеріне Еуразиялық экономикалық комиссияның Одақта өнеркәсіптік кооперацияны қаржыландыру механизмдерін құру мен ендіру жөніндегі жұмыс туралы және ЕАЭО-да алкоголь нарығын реттеу туралы келісіммен жұмыстың барысы туралы баяндамалары ұсынылды.

ЕЭК ЕАЭО-да алкоголь нарығын реттеу туралы келісім бойынша, Одақ туралы шартқа жеке тұлғалар іске асыратын тауарлардың электрондық саудасы кезінде жанама салықтар алу бөлігінде өзгерістер енгізу бойынша тараптардың позицияларын жақындастыру жұмысын жалғастырады.

Еуразиялық үкіметаралық кеңестің келесі отырысы осы жылғы 20-21 қазанда Армения Республикасында болады.

Отырысқа ЕҮК Төрағасы, Қырғыз Республикасы Министрлер Кабинетінің Төрағасы - Президент Әкімшілігінің басшысы Акылбек Жапаров, Армения Республикасының Премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Республикасының Премьер-министрі Роман Головченко, Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Әлихан Смайылов, Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасы Михаил Мишустин, Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы Михаил Мясникович қатысты. ЕАЭО жанындағы байқаушы мемлекеттердің өкілдері тарапынан – Өзбекстан Республикасының Премьер-министрі Абдулла Арипов, Куба Республикасының Премьер-министрі Марреро Крус, Куба Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хулио Антонио Гармендия Пенья, сондай-ақ отырысқа шақырылған қатысушы ретінде Әзербайжан Республикасының Премьер-министрі Али Идаят оглы Асадов қатысты.

Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысының қорытындысы бойынша қол қойылған құжаттар 

– «Еуразиялық экономикалық одақта өнеркәсіптік ккоперацияны қаржыландыру туралы» өкім.

- «Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясын құру туралы келісім жобасы туралы» мәселе шеңберіндегі мәлімдеме.

- «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің көлік саласындағы басымдықты интеграциялық инфрақұрылымдық жобаларының тізбесі туралы» өкім.

- «Өзара сауда шеңберінде есеп айырысуды жүзеге асыру кезінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің ұлттық валюталарын пайдалануды одан әрі кеңейту жөніндегі жұмыс туралы» өкім.

- «Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысын өткізу уақыты мен орны туралы» өкім.

- «Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңеске Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі мүшесінің кандидатурасын ұсыну туралы» өкім.

- «Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңеске Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы мүшесінің кандидатурасын ұсыну туралы» өкім.