Жаңалықтар

30.06.2022 (Обновлено: 12.07.2022 12:15)

Жасыл технологияларды пайдалану үшін ластаушы кәсіпорындарға жағдайлар мен ынталандырулар жасау қажет

30 маусымда Гроднода болып өткен Беларусь және Ресей өңірлерінің ІХ форумында сөйлеген сөзінде ЕЭК-тің Макроэкономикалық саясат департаменті экономикалық саясат стратегиялары бөлімінің бастығы Андрей Пантелеев «Еуразиялық экономикалық одақта климаттық күн тәртібі мен жасыл экономика басымдықтарының өзіндік пайымын тұжырымдауға және ілгерілетуге деген ұмтылыс бар», — деп атап өтті.

Форумға Беларусь Республикасының мемлекеттік басқару органдарының және Ресей Федерациясының федералық атқарушы билік органдарының, Беларусь пен Ресейдің интеграциялық құрылымдарының, ғылыми топтарының өкілдері қатысты.

«Жаңа климаттық күн тәртібі жағдайындағы Беларусь пен Ресейдің ынтымақтастығы» секциясы шеңберінде Андрей Пантелеев «Біз жасыл экономика ұғымы парниктік газдарға баса назар аудара келгенде, климаттық күн тәртібінен гөрі кең екенін және шын мәнінде экологиялық-климаттық реттеудің кешенді, ғылыми негізделген жүйесін ендіруді көздейтінін негізге аламыз», — деді.
ЕЭК өкілінің сөзінше, ғалымдардың есептеулері біздің елдерде пайдаланылмайтын табиғи-экологиялық рентаның қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Мәселен, Ресей Федерациясында қазіргі уақытта атмосфералық ауаны ластағаны үшін жиналатын төлемдер нақты келтірілген залалдың елеусіз үлесін – шамамен 0,3-0,4% құрайды. Ресейдің табиғи әлеуетінің активтерінен түсетін ықтимал кірістердің жалпы жылдық бағасы немесе, басқаша айтқанда, ауа бассейнінің ластануынан болатын шығындар және есепке алынбаған су рентасы 2,7 трлн рубль құрайды.
Андрей Пантелеев: «Бұл ресурсты өзіндік тұрақты дамуымыздың мұқтаждықтары үшін капиталдандыру қажет. Бұл экологиялық және бейімделу жобаларын қаржыландырудың тұрақты көзі бола алады және қоршаған ортаның ластануын азайтуға көмектеседі», — деп санайды.
Макроэкономикалық саясат департаменті экономикалық саясат стратегиялары бөлімінің кеңесшісі Антон Кудасов өз сөзінде ЕАЭО елдері, бірінші кезекте Ресей мен Беларусь экология және климат саласындағы заңнаманы белсенді түрде қолданысқа енгізетінін атап көрсетті. Тек 2021 жылы Ресейде жасыл күн тәртібіне қатысты 530 нормативтік құжат қабылданды.
«Нәтижесінде таяудағы бір-екі жылда біз экология саласындағы интеграция бойынша әріптес елдердің үндестірілмеген ұлттық заңнамасының теңдессіз ауқымды көлемін ала аламыз. Әрі бұл экономиканың барлық секторын қозғайтын кең ауқым. Өз кезегінде бұл жалпы нарықтағы жаңа тосқауылдарға алып келеді. Проблеманы ұлттық талаптарды өзара тану негізінде ғана шешуге болатынына сенімдімін», — деді Антон Кудасов.
Ұлттық экологиялық және климаттық қағидаларды өзара тану қағидатын базалық халықаралық шарттарға бір ғана бап қосу арқылы жүзеге асыруға болады. Егер бұлай жасалмаса, онда жүздеген, тіпті мыңдаған ұлттық нормативтік актіні біріздендіруге тура келеді.

Отырыс қорытындысы бойынша қарарда оған қатысушылар климаттың өзгеруі түйінді жаһандық проблемалардың қатарына кіретінін атап өтті. Климаттың өзгеру салдары ұлттық экономикалар алдынан табиғатқа антропогендік әсерді азайту қажеттігіне, болып жатқан климаттық өзгерістерге бейімделуге байланысты, сондай-ақ сыртқы қысым үшін климаттық күн тәртібін қолдануға орай ден қоюды талап ететін сын-тегеуіріндер туындатады.

Жасыл технологиялар мен тұйық циклді экономика модельдерін пайдалану үшін ластаушы кәсіпорындарға жағдайлар мен ынталандырулар жасау қажет.