Жаңалықтар

01.10.2024

Еуразиялық экономикалық комиссия мен Өзбекстан Республикасы Үкіметінің бірлескен іс-шаралар жоспарына қол қойылды

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы Бақытжан Сағынтаев пен Өзбекстан Республикасының Премьер-Министрі Абдулла Арипов 1 қазанда Ереванда Еуразиялық үкіметаралық кеңестің алаңдарында Еуразиялық экономикалық комиссия мен Өзбекстан Республикасы Үкіметінің 2024 – 2026 жылдарға арналған бірлескен іс-шаралар жоспарына қол қойды.

Өзара іс-қимылды тереңдету көзделген ынтымақтастық салаларының ішінде кедендік және техникалық реттеу, экономика, қаржы, сауда саясаты, бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу, мемлекеттік сатып алу, өнеркәсіп және АӨК, энергетика және көлік, ақпараттандыру және макроэкономика, санитариялық, ветеринариялық-санитариялық, карантиндік фитосанитариялық шараларды қолдану және тұтынушылардың құқықтарын қорғау бар.

ЕЭК Алқасы басшысының пікірінше, ынтымақтастықтың кең ауқымды бағыттары бойынша бірлескен іс-шараларды іске асыру ЕАЭО елдері мен Өзбекстан арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды жандандыруға ықпал ететін болады.

Өзбекстан Премьер-министрі өз кезегінде ЕАЭО-ны дамытудың стратегиялық бағыттары шеңберінде салалық өзара іс-қимылдың көпжақты жобаларын іске асыруда ЕЭК-пен практикалық әріптестікті жолға қоюдың маңыздылығын атап өтті.

Өзбекстан ЕАЭО жанындағы бақылаушы мемлекет мәртебесіне ие.

2023 жылғы желтоқсанда ЕЭК пен Өзбекстан Үкіметінің 2021 – 2023 жылдарға арналған бірлескен іс-шараларының бірінші жоспарын және көрсетілген жоспарға ынтымақтастықтың қосымша бағыттарының тізбесін іске асыру аяқталды, соның арқасында экономикалық әріптестікті одан әрі дамыту үшін жаңа өсу нүктелері мен мүмкіндіктер қалыптастырылды. Жоспарды іске асыру Өзбекстан Республикасының мемлекеттік басқару органдарының ЕАЭО жанындағы бақылаушы мемлекет мәртебесі беретін мүмкіндіктерді пайдалануға жоғары тартылуын көрсетті.